НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Испания чемпионаты қайта жалғасады. Коронавирус инфекциясына байланысты кейінге шегерілген 28-турдың алғашқы ойынында «Севилья» мен «Бетис» командалары кездеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталған тур 12-15 маусымда төрт күнге созылады. Бұл турда 12 маусымда «Гранада» мен «Хетафе», 13 маусымда «Валенсия» мен «Леванте», «Эспаньол» мен «Алавес», «Сельта» мен «Вильярреал», «Леганес» пен «Вальядолид», 14 маусымда «Мальорка» мен «Барселона», «Атлетик» пен «Атлетико», «Реал Мадрид» пен «Эйбар», 15 маусымда «Реал Сосьедад» пен «Осасуна» командалары кездеседі.
Қазір турнир кестесінде 27 ойыннан кейін 58 ұпаймен «Барселона» командасы көш бастап келеді. Одан кейінгі орындағы «Реал Мадрид» командасының 56, «Севильяның» 47 ұпайы бар.
Сондай-ақ, футболдан Италия чемпионаты 20 маусымда қайта жалғасады. Ал футболдан Англия Премьер-лигасы 17 маусымда басталады. Германия біріншілігі мамыр айының ортасынан бастап өткізілуде.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.