Бүгінгі күнді аккредитация саласы бойынша басты халықаралық ұйымдар -IAF, ILAC бастамасымен әлемнің бірқатар елдерінде семинар, конференциялар түрінде атап өту ұйғарылған. Осыған орай ұйымдастырылған шара барысында аккредитацияның жай-күйі талқыланды.
Аккредитация - белгілі сәйкестікті бағалау саласындағы жұмысты орындауға өтініш берушінің құзыреттілігін аккредитациялау жөніндегі органның ресми тану рәсімі. Бүгінде Қазақстанда мыңнан астам органдар мен зертханалар сәйкестікті қуаттау жөніндегі аккредитациядан өткен.
Шараға Еуропалық одақтың Қазақстандағы өкілдігі, Германияның техникалық әріптестік ұйымы, Қазақстанның стандарттау институты, Қазақстан Метрология институтының өкілері қатысып, қазақстандық аккредитацияның халықаралық стандарттармен сәйкестігін жетілдіру мәселесі талқыланды. «Стандарттар мен техникалық регламенттердің халықаралық сәйкестігі, Қазақстандық аккредитацияны халықаралық деңгейде мойындау - бұлардың барлығы аккредитация саласын жетілдіруге ықпал етіп отыр. Бұларды орындамау Қазақстанның халықаралық сауда нарығындағы ықпалын азайтады. Сонымен қатар кәсіпкерлер үшін шығын, өйткені аккредитацияның сәйкестігінсіз олар бірнеше мәрте аккредитациядан өтуге мәжбүр. Бұл халықаралық сауданың даму деңгейіне әсер етеді. Бұл бағытта Қазақстан ТМД-да көш бастаушы. Алайда әлі де жетілдіру жұмыстары жүргізілуде»,- дейді Техникалық реттеу және метрология комитетінің өкілдері.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан ТМД елдері арасында бірінші болып, аккредитация мен техникалық реттеу реформаларын қолға алды. 2008 жылдың 5 шілдесінде «Бағалау сәйкестігі саласындағы аккредитация» туралы ҚР Заңы қабылданды. 2008 жылдың 27 тамызында «Ұлттық аккредитация орталығы» құрылды. Былтырғы жылдан бері Қазақстан зертханалардың аккредитациясы бойынша халықаралық әріптестік ұйымына мүше болды. Аталған ұйымға мүше болуы үшін соңғы үш жылда ұйым өкілдері Қазақстанның аккредитация, техникалық реттеу және метрология саласы бойынша жіті тексеру жасаған.