Бүгін - Халықаралық қарттар күні
Қазақстан Республикасының Конституциясында қарт адамдардың жалпы азаматтық және арнайы құқықтары мен мүдделері, оның ішінде жасы бойынша әлеуметтік қамсыздандыру кепілдіктері бекітілген. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының жіктеуіне сәйкес, қарт адамдарға 60 пен 74 жас, кәрілерге 75-89 жас аралығындағылар, ал ұзақ жасаушыларға жасы 90-нан асқандар кіреді. Бүгінгі таңда Қазақстанда 65 жастан асқандар халықтың 7,5 пайызын құраса, ал 2030 жылы 11,5 пайызын құрайтын болады. Осы мерекеге орай, елімізде қарттарды қолдаудың айлығы өткізіліп келеді. Бұл акция осыдан бірнеше жыл бұрын ардагерлер ұйымының бастамасымен шыққан еді, содан бері ол дамып, қоғамымызда жаппай қолдауға ие болуда. Қарттарға қайырымдылық көмек берушілердің саны жылдан-жылға көбейіп, әлеуметтік көмек алушылар саны да арта түсуде. Осының өзі қоғамымызда қарттарға деген қамқорлықтың, оларға деген жанашырлықтың арта түскенін айғақтайды.
Әсіресе, Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен тыл еңбеккерлеріне деген қамқорлыққа қарттар дән риза. Қазір елімізде Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен тыл еңбеккерлері көп қалған жоқ. Оларға деген үкімет пен қоғамның қамқорлығы үнемі жасалып тұру керектігін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі үнемі ескертіп отырады. Әсіресе, келесі жылы болатын Ұлы Жеңістің 70 жылдығын лайықты атап өту жөнінде Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне мүше мемлекеттердің басшылары Минскіде болған кездесуде келісім жасағаны ардагерлердің қуанышты сезімін тудырды.
Енді биылғы айлықты да лайықты өткізу міндеті алдымызда тұр. Республикалық ардагерлер ұйымының Орталық кеңесі еліміздегі барлық мемлекеттік органдар, кәсіпорындар мен мекемелер, бизнес-қауымдастығы басшыларына және барлық өнегесі мол өрісті жандарға үндеу жариялап, «Ардагерлерге - жүрек жылуы» акциясына белсене қатысуға шақырды.