Бүгін - Халықаралық кино күні

АСТАНА. 28 желтоқсан. ҚазАқпарат - Халықаралық кино күні - бұл кинематографистер мен өнердің бұл түрін ұнататын жұртшылықтың мерекесі.

1895 жылдың 28 желтоқсанында Парижде Капуцинок бульварындағы «Гранд-кафеде» ағайынды Люмьерлердің синематографтың алғашқы сеансы өтті. Нақты осы дата Халықаралық кино күнін мерекелеуге негіз салды.

Осыдан сәл ертерек, 1895 жылы француздар Огюст пен Луи Люмьелер өздері ойлап тапқан «Синематограф» аппаратына патент алды. 1895 жылдың 22 наурызында ағайындылар Парижде тарихтағы алғашқы киносеансты ұйымдастырды. Олар жекелеген достарына ғана «Жұмысшылардың Люмьер зауытынан шығуы» қысқа лентасын көрсетті.

Бірақ киноның туған күні ретінде 1895 жылдың 28 желтоқсаны саналады. Атап өтілгендей, бұл күні Капуцинок бульварындағы дәмханада Люмьерлер көпшілік қауымға әлемдегі тұңғыш қысқа метражды «Пойыздың Ла Сьота вокзалына тоқтауы» фильмін ұсынды. Бұл кинематография тарихындағы ақшаға көрсетілген алғашқы картина болды.

Қазақ киноиндустриясы саласының тарихына келетін болсақ, 1925 жылы Қазақстан туралы тұңғыш деректі фильм - «Қазақ АКСР-нің бесжылдығы» жарыққа шықты.

1928 жылы Мәскеуде Ресей Кеңестік Федеративтік Социалистік Республикасы Халық комиссарлары кеңесінің жанында Бүкілресейлік трест- «Шығыс» акционерлік қоғамы құрылды, оның қызметі Шығыс елдерінің киножылнамасын жүргізуге бағытталды.

1929 жылы Қазақстанда «Шығыскино» трестінің базасында режиссер В.Турин «Түрксіб» фильмін түсірді. Бұл картина әлемдік кинематографияның одан арғы дамуына үлкен әсер етіп, ең үздік фильмдердің тізіміне енді.

1930 жылы «Шығыскино» трестінде басты рөлді сомдаған Серке Қожамқұловтың қатысуымен «Дала әуендері» көркем фильмі, Хәкім Дәулетбеков ойнаған «Жұт» көркем фильмі түсірілді.

1934 жылы Алматы кинохроника студиясы құрылды.
1936 жылы Алматы кинохроникасы студиясында деректі фильмдер шығарыла бастады.

1938 жылы «Ленфильм» киностудиясында «Амангелді» атты алғашқы қазақ көркем фильмі түсірілді.

1946 жылы «Абай әндері» фильмі шықты (режиссерлары - Г.Л. Рошаль, Е.Е. Арон; басты рөлдерде - Қ. Қуанышбаев, Ш. Айманов);

1952 жылы «Жамбыл» фильмі шықты (режиссері - Е.Л. Дзиган; басты рөлде -  Ш. Айманов); 

1967 жылы Қазақстанда мультипликациялық фильмдер шыға бастады. Алғашқы қазақстандық мультфильм болып суретші Әмен Хайдаровтың «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» саналады.

«Алматы кинохроника студиясының» атауы осы уақытқа дейін бірнеше рет өзгеріп, қазір ол «Ш.Айманов атындағы Қазақфильм» АҚ деп аталады.