Бүгін Харбинде бірінші ресейлік-қытайлық ЭКСПО көрмесі ашылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 30 маусым мен 4 шілде аралығында Қытайдың Харбин қаласында Ресей мен Қытай елінің алғашқы ЭКСПО көрмесі ашылады.

Бұл ауқымды шара ресейлік өнеркәсіптік компаниялар мен институттардың өнімдері мен өндірістік-техникалық жаңалықтарын көрсетуді, Ресей аймақтарының өнеркәсіптік және инвестициялық әлеуетінің тұсаукесерлерін өткізуді, екіжақты ынтымақтастық жобаларын дамытуды және жаңа байланыстар орнатуды көздейді, деп хабарлайды РИА Новости. «Бұл екі ел үшін де ауқымды көрмелік шара болып отыр. Бұл шара барлық бағыттар бойынша ұзақмерзімді әрі өзара тиімді ынтымақтастықтың іс жүзіндегі дәлелі болып табылады», - деді РФ вице-премьері Дмитрий Рогозин.

Оның айтуынша, соңғы бірнеше жылдар бойы ҚХР Ресейдің басты сауда-экономикалық әріптесі болып табылады.

«Өткен жылы елдеріміздің арасындағы тауар айналымы 90 млрд. долларға жуықтады, ал 2020 жылы бұл көрсеткіш 200 млрд. долларға дейін жетеді деп үміттеніп отырмыз», - деді вице-премьер.

Сондай-ақ Д.Рогозиннің мәлім етуінше, Ресей делегациясының құрамында бұл көрмеге осы елдің 12 федералдық ведомствосы мен 39 аймағының басшылары келген. Олардың ішінде жетекші корпорациялар мен холдингтердің өкілдері бар.

ЭКСПО-ның іскерлік бөлігінде 13 шара қамтылған.