Бүгін - «Қазақ әдебиетінің» туған күні

АСТАНА. ҚазАқпарат - 1934 жылы 10 қаңтарда Ғабит Мүсіреповтің жетекшілігімен қазақтың әдебиет-мәдениет және өнеріне арналған «Қазақ әдебиеті» газетінің алғашқы саны жарық көрді.

Газет Кеңес жазушылары Қазақстан комитетінің органы ретінде құрылып, «Қазақ әдебиеті» ұлт мәдениетін көтеруде үлкен орын алсын!» деген ұранмен шықты. Жылдар өте келе «Қазақ әдебиеті» елдің рухани-мәдени дамуына, оқырман арасындағы эстетикалық талғамның қалыптасуына айрықша үлес қосқан беделді басылымға айналды. Әр жылдары газетке Бейімбет Майлин, Сәбит Мұқанов, Сырбай Мәуленов, Сайын Мұратбеков, Шерхан Мұртаза, Оралхан Бөкей сынды қазақтың біртуар азаматтары редакторлық етті.

«Қазақ әдебиеті» газеті 1940 жылы өз жұмысын тоқтатты және 1955 жылы 14 қаңтарда қайта ашылды, бас редакторы болып Сырбай Мәуленов тағайындалды. Он бес жылдық үзілістен кейін газет Р.Бердібаевтың, М.Қаратаевтың, Т.Кәкішевтің тіл туралы аса өзекті мақалаларын жариялап, қазақ қоғамын дүр сілкіндірді. 1956 жылы газет редакторы С.Мәуленов Орталық комитет тарапынан жазаланды.

Шерхан Мұртаза редактор болған 80 жылдары газет қаламгерлердің шығармасын талдап-таразылайтын сыни материалдармен, жалынды журналистер толқынымен  көзге түсті. Бүгінде «Қазақ әдебиеті» -  белгілі әдебиет, өнер қайраткерлерінің жаңа шығармаларын қалың оқырманға таныстыратын одан бөлек, оқу-ағарту, білім, ғылым саласындағы көкейкесті мәселелерді көтеретін ұлттық басылым.