Бүгін қазақ телевизиясы қызметін бастаған күн

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін - «Қазақстан» ұлттық телеарнасының 56 жылдық мерейтойы. Көгілдір экранның елімізде сәуле шашқанына да жарты ғасырдан асты. Осы жылдарда ол техникалық жаңғыру, шығармашылық күштердің өсіп, толысуы жағынан да сан белесті бастан өткерді, деп хабарлайды kaztrk.kz.

Телеарна күн сайын ел өміріндегі айтулы оқиғалардың бел ортасынан табылды. Кең байтақ республиканың түкпір-түкпірінен ең маңызды оқиғаларды көзі қарақты көрерменіне қаз қалпында жеткізді. Әр отбасының ажырағысыз серігіне айналды.

1958 жылы ірге көтерген телеарна алғашында 5 сағаттық хабар тарата бастаған. Техникалық әлеуеті жыл сайын ұлғайған телеарна 1987 жылы телетаратылым бойынша одақтас республикалар ішінде төртінші, көркем және деректі фильмдер өндірісі бойынша екінші орынды иеленді.

«Кезінде эфирдегі әдемі әдебі мен ізетті қимылдары, сырлы да сұлу сөз саптасымен Зұлқия Жұматова, Нейля Омарова, Ләзиза Аймашева сынды дикторлар жұрттың жүрегін жаулады.Талай шәкірт тәрбиеледі. Олардың қатарында Ласкер Сейітов пен Қажы Қорғанов бар.Сондай мықты дикторлардың ізімен қалыптасқан қазақ тележурналистикасының мектебі бүгінде жаңашыл жастармен жалғасын тапты» делінген хабарламада.