Бүгін «Қазақстан барысының» палуандары «Хан Шатырда» жанкүйерлерімен жүздеседі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордадағы «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығында «Қазақстан барысы» турнирінің ақтық сайысына қатысушылардың салмағын өлшеу рәсімі өтеді. Бұл туралы шараны ұйымдастырушылар хабарлайды.

«Барлық жанкүйерлерімізді 27 маусым күні сағат 19:00-де «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығына шақырамыз. Бұл жерде «Қазақстан барысы» ақтық жекпе-жегіне қатысушылардың салмағын өлшеу рәсімі өткізіледі. Келіңіздер, палуандарымызбен жүздесіңіздер», - делінген хабарламада. Спортшылармен кездесуден соң көрермен қауым «Алдаспан» тобының өнерін тамашалай алады. Айта кетейiк, 2011 жылдан берi өткiзiлiп келе жатқан ұлттық жоба халықтың сүйiктi турнирлердiң бiрiне айналды. Былтыр доданың жеңiмпазы болып Шығыс Қазақстан облысының өкiлi Айбек Нұғымаров атанған болатын. Биыл турнирдiң бас жүлдесiне 28 палуан таласады деп күтiлуде.