Бүгін Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылғанына 20 жыл - Отан қорғаушы күні

Фото: None
АСТАНА. 7 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін, 2012 жылғы 7 мамырда Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылғанына 20 жыл - Отан қорғаушы күні.

1992 жылы 7 мамырда Мемлекеттік қорғаныс комитеті Қазақстан Республикасының қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды.

Сол жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылды,  ол құрлық әскерлері, әуе қорғанысы күштері және әскери-теңіз күштері бас штабтарымен үш түрлі құрылыммен қайта құрылды. Аэроұтқыр күштер Жоғарғы бас қолбасшының резерві рөлін атқарады. Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы - Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

2001  жылы Қазақстанда Орталық, Оңтүстік, Батыс және Шығыс әскери округтер құрылды.

«Отан қорғаушы күні - 2012 жылы 7 мамырда тәуелсіз Қазақстанның Қарулы Күштеріне 20 жыл толады. Бұл күн - қазақстандықтардың ерлікке толы шежіресін және Отанға қызмет ету дәстүрінің сабақтастығын сипаттайды. Қазақстан өз мемлекеттігін дамытудың 20 жылы ішінде әрдайым еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға, заманауи және кәсіби армия кұруға ерекше көңіл бөлді.

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері жауынгерлік даярлықтың жоғары қарқынды деңгейімен, сапалы жұмылдыру резервімен, ұлттық әскери оқу орындары жүйесімен және қажетті материалдық-техникалық қамтамасыз етілуімен ерекшеленеді. Біздің әскери қызметшілер жоғары кәсіби даярлық, үйлесімділік пен жауынгерлік дағды үлгісін көрсетуде. Қарулы Күштер қатарында қызмет ету әрбір қазақстандықтың құрметті міндеті, аға буынның батырлық және жауынгерлік дәстүрлеріне негізделген патриотизмнің жоғары адамгершілік мектебі ретінде қалыптасып отыр», - делінген Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас Қолбасшысы  Нұрсұлтан Назарбаевтың 2012 жылғы 3 мамырдағы «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 20 жылдығы туралы» бұйрығында.

Осы даңқты мерекеге орай ҚР Президентінің - ҚР Қарулы Күштері Бас Қолбасшысының бұйрығымен Отан қорғаушы күні Қазақстан Республикасының мемлекеттік мерекелері санатына енгізілмек.