Бүгін Қазақстан Республикасында шекарашылардың қаза табуына байланысты ұлттық азалы күн жарияланды

АСТАНА. 5 маусым. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Өкімімен шекарашылардың қазаға ұшырауына байланысты бүгін Қазақстан Республикасында ұлттық аза тұту жарияланды.

4 маусым күні ҚР Президенті Алматы облысындағы «Арқанкерген» шекара бекетінде орын алған қайғылы оқиғаға байланысты мәлімдеме жасады.

«Алматы облысы «Арқанкерген» шекара бекетінде 15 адам қаза болған  қайғылы оқиға қазақстандықтардың ешқайсысын да бейжай қалдырмады.

Менің тапсырмаммен қазіргі кезде тергеу жүргізілуде. Оқиға орнында  арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр.

Мамандар мен комиссия өз қорытындысын жасайтын болады. Біз оқиғаның мән-жайын анықтаймыз, ұйымдастырушылар мен орындаушыларды табамыз. Сөйтіп бұл трагедияға айыптылар тиісті жазасын тартатын болады.

Шекарашылар елдің шебін қорғау кезінде, қазақстандықтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтау қызметінде тұрғанда қаза болды. Олар Қазақстанның бейбітшілігі мен болашағы жолында қыршынынан қиылды.

Менің тапсырмам бойынша Үкімет бұл күндері қаза тапқандардың отбасыларына барынша қолдау көрсетіп, қажетті көмектің бәрін жасауда.

Бұл трагедия қаза тапқандардың отбасылары мен ағайын-туғандарын ғана емес, барша қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырып отыр.

Сондықтан бір күндік ұлттық қаралы күн жариялаймын», делінген мәлімдеменің мәтінінде.

Еске салайық, 15 адам - 14 шекарашы мен бір қорықшы қаза тапқан лаңкестік акт мамыр айының 27-сінен 28-іне қараған түні болды. «Сары бөктер» заставасының «Арқанкерген» шекара бекеті Алматы облысы Үшарал қаласының аудан орталығынан 220 шақырым жерде, тауда орналасқан.

Шекарашылар қызметке келесі өңірлерден келді: Атыраудан - 4; Ақтөбеден - 2; БҚО-дан - 1; Қарағандыдан - 2; Жамбылдан - 2; Павлодардан - 1; Алматыдан - 3.

Бүгін республикалық газеттердің бірінші беттерінде көңіл көтеретін ақпараттар, күлдіргі әңгімелер орналастырылмайды, көңіл көтеруге бағытталған телебағдарламалардың, сондай-ақ мемлекеттік БАҚ-тарда жарналамалардың көрсетілімі тоқтатылады. Барлық мемлекеттік мекемелердің, кәсіпорындар мен ұйымдардың ғимараттарында мемлекеттік Тулар түсіріледі.