Бүгін Қазақстан Республикасының Конституциясы күні аталып өтіледі
17 жыл бұрын, 1995 жылы бұл күні республикалық референдумда Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды, оған сәйкес ҚР президенттік басқару нысанындағы мемлекет болып жарияланды, ал 30 тамыз мемлекеттік мереке - Қазақстан Республикасының Конституциясы күні болып жарияланды.
ТАРИХЫ
Қазақ АКСР-нің 1926 жылғы Конституциясы
Алғашқы Қазақстан Конституциясы 1926 жылы 18 ақпанда КСРО құрылғаннан кейін және 1925 жылғы РСФСР Конституциясы ескеріле отырып, ҚазАКСР Орталық Атқару Комитетінің қауылысымен түпкілікті редакцияда қабылданды, өйткені бұл кезде Қазақстан РСФСР-дың бір бөлігі еді. Бұл Негізгі заң басқару нысанын, мемлекеттік құрылысты, саяси режимді, мемлекеттік биліктің органдары құрылымын, атқарушы-өкім беруші органдарын бекітті. Сайлау құқығының, бюджеттік құқықтық негізгі бастаулары белгіленді. Осы Конституцияға сәйкес Қазақстан РСФСР құрамындағы толық құқықты республика болып танылды.
1937 жылғы Қазақ КСР Конституциясы
Бүкілқазақ Кеңестерінің Х съезінде 1937 жылғы 26 наурызда қабылданған Қазақ КСР Конституциясы 11 тараудан және 125 баптан тұрды. Онда «КСРО Конституциясының 14-бабының шегінен тыс Қазақ КСР-і өзінің егенмендік құқықтарын толық сақтай отырып, мемлекеттік билікті дербес жүзеге асырады», - деп жазылған. 1937 жылғы Конституцияда сондай-ақ экономикалық, саяси қорғаныс, басқа тең құқықты республикалармен ерікті бірігу, ҚазКСР келісімінсіз аумағының өзгертілмейтіні, республиканы басқару мәселелері бекітілген, сондай-ақ жоғарғы республикалық және жергілікті өкімет органдарының, заңнамалардың орындалуын бақылау, мемлекеттік және қоғамдық тәртіпті және азаматтардың құқықтарын қорғау, салық салу т.б. мәселелер қарастырылған.
1978 жылғы Қазақ КСР Конституциясы
ІХ шақырылған республика Жоғарғы Кеңесінің кезектен тыс VII сессиясында 1978 жылы 20 сәуірде қабылданған Қазақ КСР Конституциясы кіріспеден, 10 бөлімнен, 19 тараудан, 173 баптан тұрады. Конституцияға сәйкес бүкіл өкімет билігі жұмысшы, шаруа және еңбек интеллигенциясы таптарына жататын халықтың қолында болды. Өкімет билігі мен басқару жүйесінің үстінен Қазақ КСР Коммунистік партиясы бақылау орнатты. Республиканың экономикалық жүйесі мемлекеттік, кооперативтік-колхоздық және кәсіподақ және басқа да ұйымдардың меншігі деп жарияланды.
1978 жылғы Конституцияда республиканың ұлттық-мемлекеттік және әкімшілік-аумақтық құрылысы, жоғарғы және жергілікті билік пен басқару құзыреті, сайлау жүйесінің принциптері, халық депутаттарының құқықтық мәртебесі, экономикалық және әлеуметтік даму мемлекеттік жоспары институттары, мемлекеттік бюджет, сот тәртібі, төрелік соты, прокурорлық қадағалау және т.б. мәселелер қамтылды.
1990 жылдардың басында Қазақ КСР-інде, одан кейін Қазақстанда 1978 жылғы Конституцияға елеулі өзгертулер енгізген бірқатар заңдар қабылданды. «Мемлекеттік өкімет құрылымдарын жетілдіру туралы» 1990 жылғы 20 қарашадағы Заңға сәйкес Президент атқарушы және өкім етуші билік басшысы болғаны туралы ереже енгізілді, Министрлер Кеңесі Министрлер Кабинетіне өзгертілді және жергілікті өзін өзі басқару, Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының атауын өзгерту, ҚР азаматтығы туралы Заңдар және басқа да құжаттар қабылданды.
1993 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясы
Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда ХІІ шақырылған Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің ІХ сессиясында қабылданды.Ол кіріспеден, 4 бөлімнен, 21 тараудан және 131 баптан тұрады. Коституция Қазақстан мемлекеттік егемендігін алған сәттен бергі көптеген құқықтық нормаларды: халықтық егемендік, мемлекет тәуелсіздігі, билікті бөлісу принципі, қазақ тілін мемлекеттік деп тану, Президентті мемлекет басшысы деп тану, сот органдары - Жоғарғы, Конституциялық және Жоғары Арбитраждық соттар және басқаларды қамтыды. 1993 жылғы Конституция негізіне парламенттік республика моделі алынды.
1995 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясы
Қазақстан Республикасының қолданыстағы Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданды. Бұл күн мемлекеттік мереке - Қазақстан Республикасының Конституциясы күні болып табылады. 1998 және 2007 жылдары Конституцияға Президенттің өкілеттілігін ұлғайту жөнінде елеулі өзгерістер енгізілді.