Бүгін Қазақстанның бірқатар аймағында ауа-райын антициклондар анықтайды - ТЖМ
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, бүгін республиканың солтүстігі атмосфералық ағым ықпалында болады. Алматы және Қызылорда облыстарында кей жерлерде тұман, көктайғақ болып, секундына 15-20 метр жылдамдықпен жел соғады. Оңтүстік Қазақстанда - желдің жылдамдығы кей уақыттары 15-20 м/с-қа дейін жетіп, түнде кей жерлерде тұман түседі. Жамбыл облысының кей аумақтарында - тұман, 15-20 м/с жылдамдықта жел тұрады.
Маңғыстау облысының кей аумақтарында тұман, көктайғақ болады деп күтілуде. Ал түнде Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе аймақтарының кей жерлерін тұман басады деп болжануда. Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Павлодар, күндіз Шығыс Қазақстан облыстарында кей жерлерде бұрқасындатып, 15-22 м/с жылдамдықпен жел соғады.
Гидрологиялық болжамдарға сәйкес, алдағы тәулікте Қазақстанның сулы нысандарында мұздың қату үрдісі күшейіп, су деңгейінің көтерілуі ықтимал. Сондай-ақ, Шардара су қоймасынан ағылған судың толқыны мен мұздың қатуы әсерінен Сырдария өзенінің Қызылорда облысының аумағынан ағып өтетін бөлігінде су деңгейі көтеріледі деп күтілуде.