Бүгін Қазақстанның бірқатар аймақтарында тұман, көктайғақ болады - Қазгидромет

АСТАНА. Қаңтардың 30-ы. ҚазАқпарат - «Қазгидрометтің» болжауынша, бүгін, қаңтардың 30-ы күні Қазақстанның көптеген аймақтарында оңтүстік-батыстан келетін антициклон әсер етіп, республиканың батыс және солтүстік аумақтары атмосфералық ағымдар белдеуінде болады.

Мәселен, Алматы және Жамбыл облыстарының кей жерлерінде тұман болады деп күтілуде. Қызылорда, Қостанай және Қарағанды облыстарының кей аумақтарына тұман түсіп, көктайғақ болады. Оңтүстік Қазақстан облысының кей жерлерін тұман басады, шығыстан 15-20 м/с жылдамдықпен жел соғады.

Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан, түнде Павлодар өңірлерінде бұрқасындатып, секундына 15-22 метр жылдамдықта жел тұрады.

Сондай-ақ, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау және Атырау облыстарының кей аумақтарында тұман, көктайғақ болып, желдің екпіні 15-20 м/с болады деп болжануда.