Бүгін Кеңес әскерінің ауған жерінен шығарылғанына 21 жыл толды

/strong>Ақпанның 15-і. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Бүгін Кеңес жауынгерлерінің ауған жерінен шығарылғанына 21 жыл толуына байланысты Алматыдағы 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағындағы мәңгілік алау мен ауған соғысына қатысушылардың ескерткішіне салтанатты түрде гүл шоқтарын қою рәсімі өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталмыш соғысқа 22269 қазақстандық жауынгер қатысқан, олардың 924-і соғыста қаза тапса, 21-і іс-түссіз жоғалып кеткен.

Қазіргі таңда Алматы қаласында 18 ауған ардагерлерінің ұйымдары өз қызметтерін атқарып келеді. Олардың жұмыстары ауған ардагерлерінің әлеуметтік мәселелерін шешуге және осы санаттағы адамдарға түрлі деңгейде көмек көрсетуге бағытталған.

Шара барысында аэромобильді бөлімше жауынгерлерінің түрлі қойылымдары көрсетіліп, соғыста алғаш қаза тапқан жауынгерлерге арнап шығарылған 25 минуттық «Оралу» деректі фильмі көрсетілді.

«Мен 1987-1989 жылдары ауған жерінде Отан алдындағы борышымды өтедім. Ол соғыстың дұрыс-бұрыстығын қазір көп айтуда, дегенімен біз берілген бұйрықты орындадық. Көптеген отандастарымыз жарақат алып, мүгедек болып оралды. Ендігі кезекте еліміздегі жастардың басына мұндай сұрапыл соғысты бермесін дегім келеді», дейді полковник Бердәлі Ермекбаев.

Сондай-ақ шараға «Нұр Отан» Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Амангелді Карімоллин, Медеу ауданы әкімшілігі өкілдері, ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының басшылары қатысты.

«Бұл өте ауыр соғыс болды, көптеген азаматтарымыз қайтпай қалды. Ал оралғандары еліміздің жастарына патриоттық тәрбие беріп, үлкен жұмыстар атқарып жатыр», деді А.Карімоллин өз сөзінде.