Бүгін Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 23 жыл толды

АСТАНА. 15 ақпан. ҚазАқпарат - Бүгін Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 23 жыл толды. Осыған қарай бүгін Астанадағы Ауғанстанда мерт болған қазақстандықтарға арналған мемориалға гүл дестесі қойылды.

Аталмыш шараға Парламент депутаттары, Қорғаныс министрлігі мен Астана әкімдігінің қызметкерлері және қалалық мәслихат хатшысы, сондай-ақ ауған соғысының ардагерлері мен олардың туыстары қатысты. «Жиын барысында «Халық қаһарманы», Мәжіліс депутаты,    ауған соғысының ардагері, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев сөз сөйледі.

«Ауған соғысының табиғаты да, тарихы да өзгеше. Ол уақытта 18 бен 20-ның арасындағы өрімдей жастар, бас-аяғы 22 мың қазақстандық өзге азаматтар мамыражай тіршілік етіп жатқан кезде бөтен елде өздерінің ел алдындағы борышын өтеді. Соғыс деген қаралы ұғым. Өйткені соғыс болған жерде міндетті түрде адам шығыны болатыны белгілі. Ал бүгін осы соғыстың біткен күні. Бұл біз үшін ең бақытты күн. Ауған соғысында мерт болғандар мен ардагерлердің алдында қашанда бас иеміз», - деді генерал-лейтенант.

Ауған соғысына КСРО құрамынан 22 000 қазақстандық қатысты. 2 мың 238 күнге созылған соғыста 924  қазақстандық мерт  болып, 1 мың 15 жауынгер мүгедек болып қайтты. 21 адам хабар-ошарсыз кетті.