14:56, 24 Сәуір 2009
Бүгін Киев-Астана-Киев бағытындағы жаңа авиарейстің тұсаукесері болды
АСТАНА. Сәуірдің 24-і. ҚазАқпарат /Құралай Жолдыбаева/ - Бүгін Астана халықаралық әуежайында Boeing-737 лайнерімен «АэроСвит» Украина авиатасымалдаушысы арқылы орындалатын Киев-Астана-Киев бағытындағы жаңа жолаушылар рейсінің ашылу рәсімі өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Аптасына бір рет ? жексенбі сайын ұшатын аталмыш рейстер саны мамыр айының соңына таман екі есеге көбейеді деп күтілуде. «Мен Астана мен Киев арасындағы жаңа рейстің ашылуына ризамын. Екі ел арасындағы тікелей авиарейстердің қайта қалпына келтірілуі біздің бизнес байланыстарымыздың дамуы мен нығаюына зор үлесін қосады. Дағдарысқа қарамастан, соңғы жарты жылда Қазақстанның және Украинаның бизнес құрылымдары басшыларының арасындағы жеке бизнес байланыстары айтарлықтай кеңейді. Біздің мемлекеттеріміздің астаналары арасындағы осы жаңа тікелей рейстің ашылуы екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың және кеңейтудің тағы бір көпірі болады деп сенемін», - деді Украина Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Николай Селивон. Сондай-ақ Н.Селивон бір айдан кейін Қазақстанның жолаушылар тасымалы нарығына кіруге ниетті Украинаның тағы бір компаниясының тұсаукесері өтетінін жеткізді.«АэроСвит» авиакомпаниясының Қазақстандағы өкілдігінің директоры Дмитрий Рыбалконың айтуынша, Астанадан Киевке 4 сағат 15 минутта ұшып баруға болады. Барып-қайту билетінің құны ? 528 АҚШ доллары.1994 жылы құрылған «АэроСвит» әуекомпаниясы ? ең бірінші украиналық авиатасымалдаушылардың бірі. «АэроСвит» - Украина әуежолдары» бүгінгі таңда Украинаны 29 елдің астаналарымен, іскерлік орталықтарымен және әлемге әйгілі курорттарымен байланыстыратын 60-тан астам халықаралық әуежолдарына қызмет көрсетеді.