Бүгін қоғам қайраткері Сұлтан Жиенбаев 95 жасқа толды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 95 жыл бұрын (1921) Ұлы Отан соғысының ардагері, партия және мемлекет қайраткері, құрметті теміржолшы, Тарихи ескерткіштер мен мәдениетті қорғау жөніндегі Қазақ қоғамының құрметті президенті ЖИЕНБАЕВ Сұлтан Сүлейменұлы дүниеге келді.Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің физика-математика факультетін, Алматыдағы саяси жетекшілердің орынбасарларын дайындайтын курсты бітірген. Алматыдағы «Қазақ мал дайындау» кеңсесінде, одан кейін Қазақстат басқармасында қызмет істейді.

1941 жылдың желтоқсан айында Алматы қаласында жасақталып жатқан 100-ші дербес қазақ атқыштар бригадасының атқыштар ротасына старшина болып тағайындалады, кейін взвод командирі болады. 100-ші дербес атқыштар бригадасы 1942 жылы қарашада Калинин майданында 39-шы армия құрамында сұрапыл соғысқа кірісіп кетеді, сол ұрыста Сұлтан айрықша ерлік үлгісін көрсетеді. 100-ші дербес атқыштар бригадасының Великие Луки, Невель, Ржев маңындағы жерлерді және көптеген елді мекендерді неміс басқыншыларынан азат етудегі ерлік істері тарихтан белгілі. 1944-1950 жылдары Түркістан-Сібір темір жолы жұмысшы жабдықтау басқармасы жүйесінде әр түрлі басшы қызметтерде болды. 1950 жылы КСРО Сауда министрлігінің Мәскеу қаласындағы жоғары сауда курсына жіберіліп, оны үздік бітіреді. 1954 жылдың күзінде Алматы қалалық партия комитетінің әкімшілік, қаржы-сауда бөлімінің меңгерушісі болады. Ал одан бес жылдан соң Алматы қаласының Фрунзе аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланады. 1962 жылы Сұлтан Жиенбаев республиканың Сауда министрі болып тағайындалады. Министрлікті басқару барысында 1962-1970 жылдары Сұлтан Сүлейменұлы сауда және көпшілік тамақтандыруды дамыту мен сала қызметін жетілдіруге көп күш-жігерін жұмсайды.

Саланың материалдық-техникалық базасын нығайтуға, сауда қызметін көрсетудің прогресшіл түрлерін енгізуге зор үлесін қосады. Сұлтан Жиенбаевтың өміріндегі белесті кезеңнің бірі оның 1970 жылы Қазақ КСР Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары болып тағайындалуымен байланысты. Ол бұл қызметте 15 жылға жуық еңбек етті. Бұл ретте сауда, жеңіл және тамақ өнеркәсібі салаларымен қоса республиканың Қарулы Күштеріне қамқорлық жасаумен айналысты.

Орта Азия әскери округінің құрылуына белсенді көмек көрсетті. Округ әскерлерінің оқуы мен тәрбиесіне көп көңіл бөлді. Ол 1985 жылы Республиканың тарихи және мәдени ескертіштерін қорғау қоғамы Орталық кеңесі президиумының төрағасы болып сайланды және 1988 жылға дейін осы қызметті атқарды. Сұлтан Жиенбаевтың жеке бастамасымен және ғылыми, мәдени және қоғамдық мекемелердің тілектерін ескере отырып, 1992 жылы Дінмұхаммед Қонаев атындағы Халықаралық қор құрылды. Қордың бірінші президенті болып Сұлтан Сүлейменұлы сайланды, қазіргі таңда ол Қордың құрметті президенті болып қызмет атқарады.

Октябрь революциясы, үш Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы және «Құрмет» ордендерімен, екі «Бірінші дәрежелі Отан соғысы» ордені, «Ерлігі үшін» медалі, сондай-ақ Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің бірнеше құрмет грамоталарымен марапатталған.