Бүгін Қостанай облысынан шығып қалған ҚР Парламенті Сенаты депутатының орнына жаңа сайлау өтті

АСТАНА. Сәуірдің 23-і. ҚазАқпарат - Бүгін, сәуірдің 23-і күні ҚР Орталық сайлау комиссиясының қаулысына сәйкес, Қостанай облысынан шығып қалған Парламент Сенаты депутатының орнына жаңа сайлау өтті.

ҚР ОСК-дан мәлім еткендей, Парламент Сенаты депутаттығына ұсынылған екі кандидат - Жеңіс Мирасұлы Нұрғалиев пен Асқар Аронұлы Мұратов, сәуірдің 1-і күні Қостанай облыстық сайлау комиссиясына тіркеуге алынды.

Қостанай облыстық сайлау комиссиясы дауыс беруді, дауыстарды санау мен нәтижелерді жариялауды сәуірдің 23-і күні ұйымдастырып, өткізді. Облыстық сайлау комиссиясының алдын-ала мәліметтеріне сәйкес, сайлау өткізілген деп танылды.

Тізімге енгізілген 300 таңдаушының дауыс беруге 287-і немесе жалпы санының 95,7 пайызы қатысты. Дауыс беру барысы мен дауыстарды санау рәсімін байқауды 23 адам - кандидаттардың сенімді өкілдері, саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктер мен БАҚ өкілдері іске асырды.

Алдын-ала мәліметтер бойынша, Ж.Нұрғалиевке 265 таңдаушы немесе таңдаушылардың 92,7 пайызы, ал А.Мұратовқа 21 таңдаушы немесе олардың 7,3 пайызы дауыс берді. Бір сайлау бюллетені жарамсыз деп танылды.

Сайлау заңнамасына сәйкес, сайлаудың түпкілікті қорытындысын Орталық сайлау комиссиясы 2010 жылғы сәуірдің 29-ынан кешіктірмей шығарады және мамырдың 2-сінен кешіктірмей бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.

Жалпы алғанда сайлау науқаны сайлау заңнамасы нормаларына сәйкес өтті. Орталық сайлау комиссиясына келіп түскен шағымдар мен өтініштер жоқ.