Сербия астанасы Белград қаласында бүгін күрес түрлерінен әлем чемпионаты жалауын көтереді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дүбірлі дода Белград қаласындағы «Штарк Арена» спорт кешенінде болады.
Жаһандық доданы алғашқы болып еркін күрес шеберлері бастайды. Күрестің аталған түрінен 61, 70, 86, 125 келідегі палуандар күш сынасады.
Алғашқы жарыс күнінде ел құрамасынан Өсімжан Дастанбек (61 келі), Санжар Досжанов (70 келі), Азамат Дәулетбеков (86 келі), Юсуп Батырмурзаев (125 келі) боз кілемге шығады.
Белдесулерді жанкүйерлер «Qazaqstan» ұлттық арнасы және qazsporttv.kz сайты арқылы тамашалай алады.
Алғашқы белдесулер елорда уақытымен 15:30-да басталады. Жартылай финал мен ақтық сындар 22:00-23:15 арасында болады.
Еске салсақ, бұдан бұрын күрес түрлерінен әлем чемпионатына қатысатын қазақстандық балуандар жайында хабарлаған едік.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.