Бүгін Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арналған дәстүрлі Жолдауын жариялайтын болады

None
  АСТАНА. 27 қаңтар. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін, 27 қаңтарда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына арналған жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауын жариялайды.

Дәстүрлі Жолдау Қазақстанның елдегі жағдайы мен ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарына арналады.

 Естеріңізге сала кетейік, осыдан дәл бір жыл бұрын 2011 жылдың 28 қаңтарында «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» деген атпен жарияланды. Елбасы жеделдетілген экономикалық жаңғырту Үдемелі индустриялық инновациялық даму мәселелеріне тоқталды. Бұдан бөлек, әлеуметтік саясатқа да баса мән беріп: «Біз өзіміздің индустрияландыру және экономиканы технологиялық тұр­ғыдан дамыту жөніндегі жоспар­ла­рымызды нақпа-нақ айқындап алдық. Біздің бағдарламаларымыздың басты мақсаты - халықтың әл-ауқатын нығайту. Сондықтан да мен биылғы Жолдауда әлеуметтік жаңғырту мәселелеріне ерекше назар аударып тұрмын. Мен үш аса маңызды мемлекеттік бағдарламаларды - білім беру, денсаулық сақтау және тілдерді дамыту бағдарламаларын бекіттім. Үкіметке әкімдермен бірлесе отырып биылғы 1 мамырға дейін мынандай қағидатты түрде жаңа бағдарламаларды тапсырамын», деген болатын. Бұдан бөлек былтырғы Жолдауында білім беру, денсаулық сақтау, тілдерді дамыту, жұмыспен қамтудың жаңа стратегиясы мәселелеріне Елбасы жеке жеке тоқталып, атқарушы билік пен Парламенттің алдына бірқатар нақты міндеттер жүктеді. Тұрғын үй шаруашылығын дамыту, сапалы ауыз сумен қамту жайы да көтеріліп, басталған жұмысты сапалы жалғастыру жайы қозғалды. Қазақстанның алдағы сыртқы саясатындағы негізгі бағыттарға да шолу жасалды.

 «Алдымызда атқарылар қыруар істер бар. Бұл жолда біздің ең басты байлығымыз - берекелі бірлігіміз. Мен ауызбіршіліктен айнымайтын ақжүрек жұртымның қуатты ұлтқа, шуақты ұлысқа айналарына кәміл сенемін.  Халқымызда «Бақ берерде елге ырыс қонады, ұстанған жолы дұрыс болады» деген даналық сөз бар. Біз бүгінгі Жолдау арқылы мерейлі белестегі атқарған істерімізді қорытын­дылап, болашаққа бағдар жасадық. Баршаңызға ел игілігі, мемлекет мүддесі жолындағы абыройлы істерде мол табыс тілеймін! Мерекелі күндерге жеткізген берекелі тірлігіміз баянды болсын, ағайын!», деді Мемлекет басшысы.

 ҚР Президентінің алғашқы Жолдауы 1996 жылдың қазан айында жарияланып, ол Жолдау «Елдегі жағдай мен 1997 жылға арналған ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттары туралы» деген тақырыпты қамтыған болатын.

 Елбасының жұртшылыққа кеңінен танымал бағдарламасы - 1997 жылдың 10 қазанында жарияланған «Қазақстан-2030» стратегиясы. Мемлекет басшысының одан кейінгі жылдардағы Жолдауларында «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасы негізгі бағыт ретінде алынып, оны жүзеге асырудың түрлі қағидаларына назар аударылып, еліміздің жүріп өткен жолдарына терең талдаулар жасалып, болашаққа қарай маңызды стратегиялық міндеттер қойылды.

 Елбасының 1998 жылғы 30 қыркүйектегі Жолдауы: «Елдегі жағдай мен ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттары туралы: Қоғамды демократияландыру, жаңа ғасырдағы экономикалық және саяси реформа»;

 1999 жылғы 15 желтоқсандағы Жолдауы - «Елдің жаңа ғасырдағы тұрақтылығы мен қауіпсіздігі»;

 2000 жылғы 24 қазандағы Жолдауы - «Еркін, тиімді және қауіпсіз қоғамға қадам»;

 2001 жылғы 3 қыркүйектегі Жолдауы - «Елдегі жағдай және 2002 жылға ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттары туралы»;

 2002 жылғы 29 сәуірдегі Жолдауы - «Ішкі және сыртқы саясаттың 2003 жылға негізгі бағыттары туралы»;

 2003 жылғы 4 сәуірдегі Жолдауы - «Ішкі және сыртқы саясаттың 2004 жылға негізгі бағыттары»;

 2004 жылғы 19 ақпандағы Жолдауы - «Бәсекеге қабілетті Қазақстан, бәсекеге қабілетті экономика, бәсекеге қабілетті ұлт» деп аталды.

 2005 жылғы  18 ақпандағы Жолдаудың тақырыбы - «Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында» болды.

 2006 жылғы 1 наурызда Жолдау - «Қазақстан өз дамуындағы жаңа серпіліс жасау қарсаңында! Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы» деген атаумен жарияланды.

 2007 жылғы Жолдаудың тақырыбы - «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан!»  деп аталды. Бұл Жолдау Қазақстанды жан-жақты жаңартудың жаңа кезеңіндегі басты басымдықтары  мен ішкі және сыртқы саясаттың аса маңызды 30 бағытын қамтыды. 

 2008 жылғы 6 ақпандағы Елбасының Жолдауы «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру - мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» деп аталды.

 2009 жылғы 6 наурызда Президенттің  жариялаған Жолдауы «Дағдарыс  арқылы  жаңару  мен  дамуға!» деп аталып, онда жаһандық дағдарыспен күреске бағытталған шаралар, елімізді қаржылық-экономикалық күйзелістен алып шығудың негізгі бағыттары, сондай-ақ  бұдан кейінгі, яғни  мемлекеттің дағдарыстан кейінгі дамуын қамтамасыз етудің жаңа міндеттері қамтылған болатын. «Өкінішке қарай, қиын сынақтар мен дағдарыс қысымының салмағы әлсіремей тұр. Мұны сіздер де білуге тиіссіздер. Бірақ та мынаған сенімді болуға тиіссіздер, біз бұл сынақтарға дайын ғана емеспіз. Біз оларды еңсереміз және осы дағдарыстан әлдеқайда күшті және өркенді мемлекет болып шығамыз. Біз әлемдік қауымдастықтағы өз ұстанымымызды сақтаймыз», деген болатын 2009 жылғы Жолдауында Мемлекет басшысы. Алғаш рет елімізде Президенттің тапсырмасы бойынша «Жол картасы» әзірленіп, бұл бағдарлама өзінің тиімділігін танытты.

Елбасының 2010 жылғы 29 қаңтарда жариялаған Жолдауы «Жаңа онжылдық - Жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» деп аталды. Онда Президент негізінен «Қазақстан 2030» стратегиясы аясында атқарылған шараларға тоқталып, ел дамуының осыған дейінгі кезеңдерін шола келе, 2020 жылға дейінгі бағдарды айқындаған болатын. «Менің басты мақсатым - еліміздің алдағы онжылдықтағы экономикалық өр­леуін қамтамасыз етіп, жаңа мүмкін­дік­тер­ге жол ашу. Бүгінгі Жолдауым осыған арналған. «Қазақстан-2030» стратегия­сын орындай отырып, біз алғашқы он­жылдыққа бағдарлама жасап, оны тә­мам­дадық. Ендігі мақсат - осы Стратегия­ның келесі онжылдығына қарай қадам жасау», - деген еді Елбасы.