Бүгін мен өзімді екі есе бақытты сезініп отырмын - Мемлекеттік стипендияның иегері

АЛМАТЫ. Ақпанның 3-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - «Бүгін мен өзімді екі есе бақытты сезініп отырмын. Себебі, 1999 жылы «Болашақ» бағдарламасымен Францияда халықаралық құқық саласында білім алып келдім. Енді Мемлекеттік стипендияның иегері атанып отырмын.

Алғашқы стипендия бұл қазақтың білімді жастарының сырт елдерде терең білім алып келуіне жол ашса, екіншісі жастарды рухани және материалдық жағынан қолдау болып отыр», дейді Алматы телеарнасының таңертеңгілік "Күліп оян" бағдарламасының жүргізшісі, ақын Танакөз Толқынқызы бүгін Алматыда Елбасының бір топ әдебиет пен өнер қайраткерлеріне Президенттік және Мемлекеттік стипендияларды тапсыру рәсімінде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Францияда француз мәдениетімен де терең танысқан ол, француз поэзиясын қазақшаға алғашқы тікелей тәржімалаушы болып табылады. Бұған дейін француз поэзиясы қазақ тіліне тек орыс тіліндегі аудармалардан тәржімаланып келген болатын.