Бүгін - Миғраж түні
Бұл туралы ummet.kz жазады.
Һижраттан бір жарым жыл бұрын ережеп айының жиырма жетінші түнінде Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) Миғраж мұғжизасы берілді. Алла Тағаланың құдыретімен, қалауымен ғана болатын кереметтерді - «мұғжиза» деп атайды. Адамзатқа екі дүниеде шапағатшы пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) теңдессіз ғажайып мұғжизалар берілді. Оның бастысы - Құран. Одан кейінгісі - Исра және Миғраж мұғжизасы.
Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) миғражда үш үлкен сыйлық берілді:
Біріншісі, бес уақыт намаз.
Екіншісі, Аллаға серік қоспаған жанның жәннатқа кіретіні жайындағы сүйінші хабар.
Үшіншісі, Бақара сүресінің соңғы екі аяты.
Исра және Миғраж оқиғасы миләди 621 жылы ережеп айының 26-сынан 27-сіне өтер түнде, дүйсенбіде, Меккеден Мединеге һижрат етуден 18 ай бұрын болды. Кейінірек жыл сайын бұл түнді шын иман-ықылас және қосымша нәпіл ғибадаттармен атап өткізу мұсылмандар үшін дәстүрге айналды. Миғраж түнінде пайғамбарымыз хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) Меккедегі әл-Харам мешітінен Құддыстағы (Иерусалим) әл-Ақса мешітіне бір сәтте Исра жасады (түнгі сапар арабтарда «исра» деп аталады).
Одан миғражға - жеті қат көкке көтеріліп, дүниеден өткен барлық пайғамбарлармен кездесті, үнемі құлшылықта жүретін періштелермен жолықты. Құдіретті Жаратушымыздың түрлі белгі - аяттарын көріп, Онымен тілдесті. Бес уақыт намаз осы түнде парыз етілді. Миғраж - пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) ең үлкен мұғжизаларының бірі. Мұғжиза - Алланың құдіретімен жүзеге асатын, адамдардан тек пайғамбарларға ғана тән, таңғажайып құбылыс. Жүрегінде иман нұры орныққан әрбір адам Алланың мұғжизаларына шүбәсіз сенеді.