Бүгін Парламент Сенаты депутаттарының сайлауы өтеді

ТАНА. 19 тамыз. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін елімізде Парламент Сенаты депутаттарының сайлауы өтеді.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұловтың алдын ала мәлім еткеніндей, Сенат депутаттарының сайлауы таңғы сағат 10. 00-де және 11. 00-де басталады. ОСК төрағасы сайлаудың басталу уақытының әртүрлі болуын еліміздің аймақтарында

уақыт айырмашылығы бар екендігімен түсіндіріп отыр. Сенат депутаттарының сайлауы мәслихат депутаттарының жиыны ретінде өтеді. Оған барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары қатысады. Бүгінде елімізде барлығы 3 мың 335 депутат болса, олардың 3 мың 328-і қатысады деп күтілуде. Өзге депуттардың орындары түрлі себептермен бос тұр.

ОСК төрағасының мәліметтері бойынша Сенат депутаттары сайлауының алғашқы қорытындылары бүгін жұмыс күнінің аяқталуына таман шығады. Ал толық қорытындыны ОСК-ның өкілдері 22-ші тамыз күні ОСК-ның отырысында жария етеді. Сенат депутаттарының сайлауына кандидат ретінде 39 адам тіркелген. Олар 16 орын үшін сайысқа түседі. Сайлаушылардың кемінде 50 пайыздан астам даусын жинаған кандидаттар сайлауда жеңіске жеткен болып есептеледі.

Кеше Қ.Тұрғанқұлов Орталық сайлау комиссиясы мен оның аймақтағы өкілдіктері Сенат депутаттарының сайлауын өткізуге 100 пайыз дайын екендігін мәлімдеді. «Біз Сенат депутаттарының сайлауын өткізумен айналысатын аймақтағы өкілдіктерден ақпараттарды алдық. Олар сайлау өткізуге толық дайын. Сайлаудың басталатын уақыты да белгіленді. Сайлауды өткізуге қажетті орындар бар және олардың барлығы талапқа сай жарақталған. Ал сайлауды ұйымдастырушы негізгі орган ретінде біз сайлаумен байланысты шаралардың барлығын қаржыландырып, материалдық қажеттіліктермен қамтамасыз еттік»,-деді ОСК төрағасы.