1992 жылы 16 наурызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қарулы Күштердің өз алдына бөлек әскери құрылымы және резерві болып құрылған Республикалық Ұлан бүгінде шын мәніндегі армиямыздың таңдаулы бөлімі,үздік әрі мейлінше беделді жүйесі болып есептеледі.
Республикалық Ұланға еліміздің мемлекеттік билік және басқармалардың жоғары органдарын, Президенттің, Парламент пен Үкімет басшыларының көлік құралдарын республика аумағында және сырт жерлерде күзету, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Мемлекеттік Елтаңбасының эталондарын күзету, шетел мемлекет басшыларын күтіп алу, шығарып салу кезінде, Қазақстан Республикасының мейрамдары мен салтанаттарында жоралғылық рәсімдерді орындау, мемлекеттік және қоғамдық қауіпсіздікке әсер ететін құқық тәртібін бұзушыларды тоқтату, Қазақстан Республикасының аумағындағы Конституцияға қарсы сипаттағы қарулы және басқа да әрекеттерді тоқтату, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіпте төтенше жағдай режімі кезінде іс-шаралар жүзеге асыру міндеттелген.