Бүгін республиканың солтүстігінде жауын-шашын болады

АСТАНА. Қазанның 2-сі. ҚазАқпарат - «Қазгидрометтің» болжауынша бүгін, қазанның 2-сі күні Қазақстанның басым аумағы атмосфералық ағымдармен байланысты циклонның ықпалында болады. Соның салдарынан кейбір өңірлерде найзағай ойнап, жаңбыр жауады, ұйытқып жел тұрады.

Ал республиканың солтүстік бөлігінде жауын-шашын (жаңбыр, қар) болуы ықтимал.

Мәселен, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Ақмола, Қызылорда, күндіз Батыс Қазақстан, Қарағанды, түнде Солтүстік Қазақстан облыстарының жекелеген жерлерінде 15-22 м/с жылдамдықта жел соғады. Қызылорда облысында шаңды дауыл борайды.

Алматы облысының Жалаңашкөл аумағында оңтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні секундына 18-23 метрді құрайды деп болжануда, оның күші кей уақыттары 28 м/с-қа дейін жетуі ықтимал.

Сондай-ақ «Қазгидромет» бүгін, Қазақстанның оңтүстік, орталық, батыс, шығыс және оңтүстік-шығысының кей жерлерінде жоғары өрт қаупі сақталатынын ескертті.