Бұл туралы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының баспасөз қызметінен хабарлады.
Бюро отырысында Экономикалық даму және кәсіпкерлік комитеті «2011 жылғы 25 тамыздағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Корея Республикасының Үкіметі арасындағы Балқаш жылу электр станциясын дамыту, қаржыландыру, жобалау, салу, пайдалану және оған техникалық қызмет көрсету саласындағы келісімге өзгерістер енгізу туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Корея Республикасының Үкіметі арасындағы хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңы жобасы бойынша бас комитет болып белгіленді.
«ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің адамдарды мемлекетаралық іздестіру туралы шартын ратификациялау туралы» Заң жобасына Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті бас комитет болып бекіді.
Сондай-ақ отырыста Сенат депутаттарын халқаралық парламенттік ұйымдарға және Парламент Сенатының шет мемлекеттер парламенттерімен ынтымақтастық жөніндегі өңірлік топтарға жіберу жөніндегі ұсыныстар да қаралды.
Депутаттар сонымен бірге палатаның биылғы жылдың 26 қыркүйегінде өтетін келесі отырысының күн тәртібіне де тоқталды. Келесі отырыста Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Республикасының Үкіметі арасындағы «Қазақстан-Қытай» мұнай құбырын дамыту және пайдалану кезіндегі ынтымақтастықтың кейбір мәселелері туралы келісімді ратификациялау туралы»; «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Корея Республикасының Үкіметі арасындағы Балқаш жылу электр станциясын дамыту, қаржыландыру, жобалау, салу, пайдалану және оған техникалық қызмет көрсету саласындағы келісімге өзгерістер енгізу туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Корея Республикасының Үкіметі арасындағы хаттаманы ратификациялау туралы»; «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің адамдарды мемлекетаралық іздестіру туралы шартын ратификациялау туралы» Заң жобаларын қарау жоспарлануда.
Бұған қоса келесі отырыста Сенат депутатттарын халқаралық парламенттік ұйымдарға және Парламент Сенатының шет мемлекеттер парламенттерімен ынтымақтастық жөніндегі өңірлік топтарға жіберу жөніндегі ұсыныстар да қаралады.