Бүгін Tartyl Fest соңғы кезеңі Нұр-Сұлтанда өтеді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін елордада турникте тартылу бойынша Tartyl Fest республикалық спорт фестивалінің соңғы кезеңі өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Tartyl Fest Президент жанындағы «Дара» қоғамдық қорының қолдауымен өтіп жатыр.

Бүгін турнирдің соңғы 20-кезеңі Нұр-Сұлтан қаласында, бұрынғы EXPO аумағындағы сахнада өтеді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, сағат 09:00-ден 11:00-ге дейін тіркеу, өлшеу және қатысушыларға нөмірлер беру жұмысы жүргізіледі.

Фестиваль ресми түрде 14:00-де ашылады.

Бүкіл қаладағы қатысушылар үшін ереже бірдей: дұрыс және ең көп тартылу. Жалпы алғанда фестивальге еліміздің 19 қаласынан 12 мыңға жуық адам қатысқан.

Қатысушылар салмағы мен жасына байланысты тоғыз санатта жарысады. Жарысты ресми төрешілер алқасы бақылайды. Жүлде қоры - 3 000 000 теңге.

Турникке тартылу фестивалі 10 шілдеде Қонаев қаласында басталған еді.

Кейін Түркістанда, Талдықорған, Алматы, Тараз, Шымкент, Ақтау, Қызылорда, Атырау, Орал, Ақтөбе , Қостанай, Петропавл, Көкшетау, Жезқазған, Қарағанды, Өскемен, Семей қалаларында жалғасын тапты.

Шымкенттік Азамат Сапар турникте 41 рет тартылып, рекорд орнатты. Бұған дейін турникке тартылу бойынша рекорд жасаған алматылықтарды (40) баса озып, мықтылығын дәлелдеді.

Ал, 13 рет тартылған жеті жасар Мәдихан Қажымұқан ұйымдастырушылардың арнайы сыйлығына ие болды.

Одан кейін Ақтау қаласында 32 жастағы қатысушы Дамир Нәбиев белтермірге 44 рет тартылып, жаңа рекорд орнатты.

Бұл рекордты 51 жастағы қостанайлық Андрей Антонян жаңартты, ол турникке 45 мәрте тартылды.

Қарағандыда өткен турнирде тараздық Евгений Нам есімді қатысушы турникке 50 рет тартылды. Осылайша, әзірге Tartyl Fest рекорды Тараз қаласына тиесілі.

Жалпы фестиваль еліміздің 20 қаласында ұйымдастырылады, онда қазақстандықтар ақшалай жүлде жеңе алады. Әр қалада 27 жеңімпаз таңдалады.

Бірінші орын үшін қатысушылар 200 мың теңге, екінші орын үшін – 100 мың теңге, үшінші орын үшін – 50 мың теңге ақшалай сыйлық алады.

Әр қаланың жеңімпаздары (тоғыз санатта) елордада өтетін гранд-финалға қатысады, оның күні жақын арада белгілі болады.

Гранд-финал чемпиондары Street workout бойынша әлем чемпионатына жолдама алады.

Жоба амбассадоры рөлін қоғам қайраткері, жаттықтырушы және актер Айтым Жақыпов сомдамақ.

Ол Қазақстанда және әлемде Street workout бойынша бірнеше дүркін рекордшы, Streetlifting бойынша Еуропа рекордсмені, сондай-ақ Қазақстандағы Street workout қозғалысының негізін қалаушылардың бірі.

Street workout – көшедегі спорт алаңдарында түрлі жаттығулар жасалатын әуесқой спорт түрі.