АСТАНА. ҚазАқпарат - Ташкентте ерлер арасында бокстан өтіп жатқан әлем чемпионатында бүгін Қазақстаннан Санжар Тәшкенбай мен Дулат Бекбауов алтынға таласады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Астана уақытымен сағат 18.00-де басталатын додада бірінші болып Санжар (48 кг) рингке шығады.
Оның қарсыласы - грузиялық Сахил Алахвердоби.
Әлемдік додада финалда үш қазақстандық боксшы өзбекстандықтармен бас жүлдені сарапқа салады. Соның біріншісі Дулат Бекбауов пен Асадхуджа Муйдинхуджиев арасында өтпек.
Ертең, 14 мамыр күні сағат 18.00-де басталатын финалда Махмұд Сабырхан (54 кг) Ойбек Джураевпен, ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергенов (71 кг) Саиджамшид Джафаровпен жұдырықтасады. 80 келіге дейінгі салмақта аса қызықты жекпе-жек болғалы тұр. Нұрбек Оралбай Қытайдағы қандасымыз Тоқтарбек Таңатханмен қолғап түйістіреді.
Екі күнде барлығы 13 салмақта чемпиондар анықталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Нұрбек Оралбай мен Қытайдағы қандасымыз алтынға таласатынын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ қазақ боксшылары әлем чемпионатының финалында кімдермен жұдырықтасатыны белгілі болды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).