Бүгін «Ұлттық медициналық холдингі аруы - 2011» байқауының қорытындысы шығарылды

АСТАНА. 4 наурыз. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - 8 наурыз - Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында «Ұлттық медициналық холдингі аруы - 2011» байқауының қорытындысы шығарылды.

Бүгін Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында Ұлттық медициналық холдингінің (ҰМХ) әйелдер қауымын алда келе жатқан халықаралық мейрамдарымен құттықтауға арналған шара өтті. Оның барысында 2011 жылдың 11 ақпаны мен бүгінгі күнге дейін ҰМХ-ға еншілес барлық денсаулық сақтау ұйымдары арасында өткізілген «ҰМХ аруы - 2011» байқауының жеңімпаздары анықталып, марапатталды.

Жеңімпаздар үш аталым бойынша анықталды: «Холдинг аруы», «Сүйкімді ару» және «Интернет аруы». Алғашқы екі аталымға лайықты аруларды ерлер қауымынан құрылған қазылар алқасы анықтады. Жеңімпазды анықтауда арудың келбетімен бірге, оның өзі туралы жазған өмірбаяны назарға алынды. Ал «Интернет аруын» Холдинг қызметкерлері интернетте дауыс беру арқылы өздері таңдады.

Бағдарлама барысында сондай-ақ, адал, әрі белсенді еңбектерімен денсаулық сақтау саласының дамуына сүбелі үлестерін қосып жүрген қызметкерлер құрмет қағаздарымен марапатталды.

Айта кетейік, бүгінде ҰМХ-да 4,5 мыңға жуық қызметкер еңбек етеді, оның 3,5 мыңын әйелдер құрайды.

Іс-шара қазақстандық эстрада жұлдыздарының мерекелік концертімен жалғасты.