Бүгін ҰОК өкілдері Олимпиадаға аттанды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін таң ата Астанадағы Нұрсұлтан Назарбаев әуежайынан XXIII қысқы Олимпиадаға Ұлттық олимпиада комитетінің қызметкерлері аттанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР ҰОК спорт дирекциясының жетекшісі Елсияр Қанағатов бастаған делегация қатарында спортшылар мен жаттықтырушылардың жағдайына жауапты мамандар да бар. Олар олимпиадалық қалашыққа ертерек барып, ұйымдастыру шараларын пысықтайды.

Осы орайда, Елсияр Қанағатов тілшілерге спортшылардың бәрі бекітілген тізіммен жоспар бойынша олимпиадалық қалашыққа рет-ретімен баратынын жеткізді.

«Штабтың жұмысы ең басты жұмысы - спортшыларға жағдай жасап, уақытында күтіп алу. Сондай-ақ, тамақ жағын қарастырып, оқу-жаттығу жұмыстары қай уақытта болатынын, қай уақытта жиналыс болатынын айтып отыру. Спортшыларға барынша қолайлы жағдай жасау», - деп атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан құрамасының алғашқы легі кеше Оңтүстік Кореяға табан тірегенін хабарлаған болатынбыз.