Бұл атаулы күн 1965 жылы 29 қыркүйекте КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Бұйрығымен белгіленген.
Бүгінгі таңда Қазақстан, Беларусь, Латвия және Украина Мұғалімдер күнін қазанның алғашқы жексенбісінде атап өтеді. Ал көршілес Өзбекстан – 1 қазанда, Қырғызстан, Әзербайжан, Ресей, Тәжікстан, Армения, Молдавия, Эстония және Литва – ұстаздар мерекесін 5 қазан күніне бекіткен.
ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің деректеріне сүйенсек , 2019 жылы елімізде мектепке дейінгі ұйымдарда – 97 209 педагог, жалпы білім беретін мектептерде – 347 052 мұғалім (оның ішінде 281 209 - әйелдер), колледждерде – 36 881 оқытушы (26 731 - әйелдер), жоғары оқу орындарында – 38 470 оқытушы (24 611 - әйелдер) болған.
2 қазанда ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Үздік педагог-2020» байқауының 64 жеңімпазын марапаттап, 2 778 000 теңгеден сыйақы мен төсбелгілер табыстады.
Оның айтуынша, биыл 1 қаңтардан бастап мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға артты. Жалпы 1-2 жылдың ішінде ұстаздардың еңбекақысы 2 есе артатын болады.
Айта кетейік, ҰБТ нәтижесінде биыл «Алтын белгі» алған түлектердің ішінде мұғалім мамандығын таңдағандар 2 есе өсті. 1 қыркүйектен бастап педагог мамандығы бойынша білім алып жүрген студенттердің шәкіртақысы 26 мыңнан 42 мың теңгеге дейін артты.
Білім және ғылым министрлігі қазақстандықтарды ұстаздарын кәсіби мерекесімен құттықтап, министрліктің Instagram-парақшасына видеоқұттықтау жолдауға шақырды.
Сонымен бірге, елордада Пирамида аталып кеткен Бейбітшілік және келісім сарайының жанынан Ұстаздар аллеясы ашылды.