Бүгін VІІІ қысқы Азия ойындары аясында Қазақстан Туын көтеру рәсімі өтеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Жапонияның Саппоро қаласында VІІІ қысқы Азия ойындары аясында Қазақстан Республикасының Туын көтеру рәсімі өтеді, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанның Көк байрағын көтеру рәсімі бүгін жергілікті уақыт бойынша сағат 10:00-де атлетикалық қалашықта өтеді.

Ал Азиада ойындарының ашылу салтанаты 19 ақпан күні кешкі сағат 16:00-де басталады. Спортшылар шеруінде ҚР Туын шаңғы жарысынан бес дүркін ел чемпионы Ердос Ахмадиев ұстап шығады.  

Естеріңізге сала кетейік, VIII қысқы Азиада ойындары Жапонияның Саппоро қаласында 19-26 ақпан аралығында өтеді. Оған 31 елден келген спортшылар 11 спорт түрі бойынша 64 медаль жиынтығын сарапқа салады.  

Байрақты додада Қазақстан намысын қорғауға 153 спортшы аттанды. Олардың арасында халықаралық деңгейдегі түрлі жарыстарда жеңімпаз болған мәнерлеп сырғанаушылар Денис Тен, Элизабет Тұрсынбаева, конькишілер Роман Креч, Денис Кузин, Екатерина Айдова және шаңғышы Николай Чеботько бар.

Жарыстың жабылу рәсімі 26 ақпан күні кешкі сағат 18:00-де өтеді деп жоспарланған.