Бүгінде 39 мектеп құрылысы проблемалы болып табылып отыр - Үкіметтегі кеңес

АСТАНА. Тамыздың 17-сі.  ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ -  Республикада салынып жатқан проблемалы 39 мектептің 16-сы «100 мектеп, 100 аурухана» жобасы бойынша салынуда.

Бұл туралы бүгін Үкімет үйінде өтіп жатқан селекторлық кеңесте ҚР вице-премьері Ербол Орынбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Е. Орынбаевтың атап көрсеткеніндей, 2007-2009 жылдарға құрылысы жоспарланған 223 мектептің 106-сы «100 мектеп, 100 аурухана» жобасы бойынша бой көтеруде. 2007-2008 жылдары 112 мектептің  46-сы жоба аясында салынды. Бүгінде құрылыс жұмыстары 111 нысанда жүргізілуде. Вице-премьердің айтуынша, мектептердің құрылыстарын жүргізу барысында қымбаттауға байланысты проблемалар туындауда. 15 мектеп бойынша қымбаттау жобалық-сметалық құжаттамаларды ретке келтірумен байланысты болып отыр. Сондай-ақ қаражаттарды қалпына келтіру бойынша 3 мектеп құрылысы қалыпты жұмыс кестесінен түсіп қалып, қаражаттардың бір бөлігі республикалық бюджетке қайтарылды. Қазір ол қаражаттарды жергілікті бюджеттерге жіберу мәселесі пысықталуда.

Сонымен қатар тағы  3 мектеп республикалық бюджеттік комиссияға қымбаттау туралы құжаттарды ұсынып отырса, 13 мектептің қымбаттауға қатысты ұсынысы құжаттық негізде дәлелденбеген болып отыр.  «Бүгінде 39 мектеп құрылысы проблемалы болып табылып отыр. Оның 16-сы «100 мектеп, 100 аурухана» жобасы аясында салынуда. Түйткілді нысандардың дені Оңтүстік Қазақстан облысында орналасқан», деді Е. Орынбаев.