Жауапты хатшының сөзіне қарағанда, бүгінде елімізде 6 миллионнан астам ірі қара, 17,5 миллион қой, 1,5 миллионға жуық жылқы, 155 мың түйе, 33 миллион құс, сондай-ақ 1,3 миллион шошқа бар. Бұл көрсеткіш 2000 жылдардың басындағы деңгейге қарағанда, 1,5 есеге артық.
«Алайда, қазіргі кездегі мал шаруашылығының даму қарқыны мен оның өнімділігі нақты мүмкіндіктерге сәйкес келмейді. Бұл тұрғыда бірнеше себептер бар», - деді Е.Аман.
Атап айтқанда, бүгінде малдың 85 пайызы жеке иеліктер мен үй шаруашылықтарында шоғырланған. Бұл өз кезегінде мал шаруашылығын қазіргі заманғы технологиялар негізінде өсіруге тиісті мүмкіндіктерге ие болмай отыр. Осыған байланысты өнімнің сапасы төмен деңгейде бағалануда. Екіншіден, мал шаруашылық өнімдері тұрақты көлемде ай сайын қамтамасыз етілмей отыр.
«Үшінші себебіне тоқталатын болсақ, малдардың генетикалық әлеуеті төмен деңгейде. Бүгінде бізде ірі қара тобындағы асыл тұқымды малдың үлесі тек қана 5,6 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш дамыған елдерге қарағанда, он есе кем. Осындай жағдай малдың басқа түрлері бойынша да қалыптасып отыр», - деп атап өтті жауапты хатшы.