Бүгінде еліміз ырысы мен ынтымағы, бірлігі мен тірлігі жарасқан мемлекет болып орнықты - Е. Тоғжанов Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары

АНА. Қазанның 27-сі. ҚазАқпарат - «Қазақ елі қазіргі таңда қабырғасы қатайған, пікіріне халықаралық қауымдастық өкілдері құлақ асатын беделді елге айналды. Еркіндікті аңсаған ата-баба мұрасы жүзеге асып, Алаштың ең асыл мұраты - тәуелсіздікке қол жетті. Қазақ жерінде атқан егемендік таңы ең алдымен, алып та дархан даланың төсін қанымен суарған, терісі сөгіле қызмет еткен ата-бабаларымыздың қасиетті күресінің заңды да нақты нәтижесі».

«ҚазАқпарат қонағы» айдарының бүгінгі қонағы Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов Тәуелсіздік туралы осылай ой толғайды. Төменде Е. Тоғжановтың Тәуелсіздік туралы, Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдағы рөлі жайлы айтқан ойларын және Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалына қатысты пікірін назарларыңызға ұсынамыз.

ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ

Қазақ «Бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі күшті ел озады» деген. Бүгінде еліміз ырысы мен ынтымағы, бірлігі мен тірлігі жарасқан мемлекет болып орнықты.

Үстіміздегі жылы берекенің бастауы - бірлік пен қоғамдық келісімді қалыптастырудың өзегі болып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына он бес жыл толды. Тарихи өлшем тұрғысынан қысқа мерзім аралығында Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында толайым табыстарға қол жеткізген іргелі институт бірлік пен келісімнің, ауызбіршіліктің қозғаушы күшіне айналды.

Тәуелсіздік тұғыры

Қазақ халқында бағзы замандардан бері ұрпақтан-ұрпаққа ауысып келе жатқан, толағай мәнді «Жерұйық» ұғымы қалыптасқан. Ұлт дүниетанымында қанық бояумен жазылған аталған ұғымның мән-мағынасына бойлау үшін ұлы даланың тарих қойнауына көз жүгіртіп, кең-байтақ аймақты батырлық пен даналықты ұштастыра отырып қорғаған ата-баба өткеніне үңілу қажет. Ықылым заманда «Желмаясына мініп жерұйығын» іздеген Асан Қайғының идеясы халқымыздың ғасырлар бойғы аңсаған арманына, мұрат-мақсатына ұласты. Бабаларымыз «Жерұйық» жерді, құтты мекенді аңсап төрт құбыласы тең, қазығы берік, мамыражай тіршілігі бар мемлекет құруды, іші мен сырты бүтін мәңгілік ел болуды мұрат етті. Қайнар бастауын адамдық ізгіліктен, бейбітшіл көзқарастан, кіндік қаны тамған жерге адалдықтан алып жатқан ұлы мұрат, қазақ халқы басынан қаншама қилы заман кешсе де атадан - балаға, ұрпақтан - ұрпаққа бұлжымас аманат болып келеді. Бүгінгі Қазақстан осы сан ғасырлық мемлекеттілік қағидаттары мен елдік ұстанымдардың заңды мұрагері.

Ғасырлар тоғысында еркіндікті аңсаған ата-баба арманы жүзеге асып - егемендікке ие болдық. Қазақ жерінде арайлап атқан елдіктің ақ таңы ең алдымен, осынау дархан даланы ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен, алғыр ақылмен, берік тақыммен қорғап, сақтап қалған ата-бабаларымыздың ұлы күрестерінің заңды да нақты нәтижесі.

Қазақ елі қазіргі таңда қабырғасы қатайған, пікіріне халықаралық қауымдастық өкілдері құлақ асатын беделді елге айналды. Еркіндікті аңсаған ата-баба мұрасы жүзеге асып, Алаштың ең асыл мұраты - тәуелсіздікке қол жетті. Қазақ жерінде атқан егемендік таңы ең алдымен, алып та дархан даланың төсін қанымен суарған, терісі сөгіле қызмет еткен ата-бабаларымыздың қасиетті күресінің заңды да нақты нәтижесі.

Қазіргі таңда, еңселі ел болудың даңғыл жолына түстік, әлеуетіміз артты, дәулетіміз еселеніп отыр. Қазақстан егемендікке қатар ие болған ТМД елдерінің арасында көптеген көрсеткіштер бойынша көш бастады.

Бүгінгі жетістіктер бізге өздігінен келе қалған жоқ. Өйткені, өткен ғасырдың соңғы онжылдығында тәуелсіздікке қол жеткізген туған еліміздің жағдайы өте күрделі еді. Ел экономикасы дағдарысқа ұшыраған, ауыл шаруашылығы тұралаған, барлық өндіріс пен өнеркәсіп технологиялары тозған жағдайда біз егемен мемлекет тарих сахнасына ендік. Республика аумағында жұмыс істейтін барлық мекемелер мен кәсіпорындарда жалақы мен мемлекеттік әлеуметтік төлемдерді өтеуге қаржы тапшы. Мемлекеттік басқару жүйесі жан-жақтан қаумалаған проблемаларды жедел шешуге қауқарсыз. Дүкен сөрелерінде халыққа күнделікті қажетті тауарлар мен азық-түлік жеткіліксіз. Өңірлерде жеке мүдде мен популистік ұпай жинауға тырысқан кейбір топтар ахуалды ушықтыруға тырысты. Әлеуметтік толқулар мен митингтер орын алып жатты.

Ассамблея белестері

1993 жылғы қабылданған Конституция мемлекеттік билік тармақтарының өзара тепе-теңдігі мен қарым-қатынасын реттеуге қауқарсыздық танытты. 1994 жылы он үшінші шақырылған Жоғары Кеңес саяси дағдарыс нәтижесінде өзін-өзі тарату жөнінде шешім қабылдады. Осы саяси күрделі кезеңде ел халқының басын біріктіретін, этностық, нәсілдік ерекшеліктеріне қарамастан қоғамның барлық өкілін ортақ мақсатқа жұмылдыратын беделді ұйым құру тарихи қажеттілік еді.

1995 жылғы 1 наурызда Мемлекет Басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлыққа қолды. Жарлыққа қол қойылған сәттен бастап, Ассамблея қоғамдық маңызды саяси іс-шаралардың бел ортасынан көрініп, қоғамдық маңызды істердің қозғаушы күшіне айнала білді.

1995 жылғы 24 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясының бірінші сессиясы шақырылды. Сессия жұмысына мемлекеттік құрылымдардың басшыларынан бөлек шығармашылық интелегенция, қоғам мен мемлекет қайраткерлері және еліміздегі саналуан ұлыс өкілдері қатысты. Аталған сессияда Ассамблея мүшелері Мемлекет Басшысының өкілеттілігін кеңейту туралы ұсыныс жасады. Сессияда баяндама жасаған Президент Н.Ә. Назарбаев «Мен, еліміздің Президенті ретінде қоғамдық тұрақтылықты және ұлтаралық келісімді қамтамасыз етуді өзімнің басты міндетім деп санаймын», - деп нақты атады. Осы жиында Елбасы ұлттық саясат мәселелерін қорытындылай отырып, оның алдағы уақытта да айқын және әділетті принциптер негізінде жұмыс істейтінін айтты. Аталған принциптерді берік ұстанудың арқасында Қазақстан тек этностық, діни негіздегі қақтығыстардың алдын алып қана қоймай, мемлекеттік ұлттық саясат саласындағы реформаларды жүзеге асыра отырып, қарқынды даму жолына түсті.

1995 жылы 29 маусымда өткізілген Қазақстан халқы Ассамблеясының екінші сессиясында Елбасы Н.Ә. Назарбаев тұңғыш рет Негізгі заңның басты басымдықтарын айқындап, Ата заңның жобасын алғаш рет қоғамдық талқылауға ұсынды. 30 тамыз күні жалпыхалықтық референдумда республика халқы елдің жаңа Конституциясын қолдап дауыс беріп, құқықтық және демократиялық мемлекет құру бағытында тарихи таңдау жасады. Бұл елде өтпелі ауыр кезеңнен кейінгі күрделі саяси-экономикалық, конституциялық реформаларды бел шеше іске асыруға бетбұрыс жасалған сәт еді.

1996 жылы өткен Ассамблеяның үшінші сессиясында мемлекетаралық ықпалдасуды жетілдіру, егемендікті нығайту және қазақстандық патриотизмді қалыптастыру мәселелері талқыға салынды. Қазақстан азаматтарының ұлттық идея айналасында ұйысуы маңызды екендігі айтылды.

Ассамблеяның төртінші сессиясы ерекше жағдайда өтті. Өйткені, сессия бірінші рет жаңа астанамызда өткізілген болатын. Келелі басқосу Астанада өткен тұңғыш жалпыұлттық шара болатын. Сессияда сөз алған Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев еліміздің өткен тарихына баға беріп, қоғамдық келісім біздің тарихи таңдауымыз екендігіне ерекше тоқталды.

Алғашқы баламалы Президент сайлауында жеңіске жеткен Елбасыны ресми ұлықтау салтанаты өткен күннің ертесі 1999 жылғы 21 қаңтарда - Ассамблеяның бесінші сессиясы шақырылып, ол «Ұлттық келісім - Қазақстанның тұрақтылығы мен дамуының негізі» тақырыбына арналды. Сессияда Елбасы Қазақстан дамудың даңғыл жолына түскенін айтып, қиын-қыстау кезеңде елден қоныс аударған азаматтарды ата қонысқа оралуға шақырды.

Ассамблеяның алтыншы сессиясы жаңа мыңжылдықтағы елдің мемлекеттік ұлттық саясатындағы басым бағыттарды айқындауға арналды. Еліміздің сындарлы дамуы үшін әрбір азаматтың ұстанымы мен отансүйгіштігінің маңызды екендігі сөз болды.

Ассамблеяның кезекті жетінші сессиясы Мәдениетті қолдау жылы ретінде белгіленген 2000 жылғы 15 желтоқсанда өтті. Сессия барысында ұлт саясатында жаңа кезең - азаматтық біртұтастықтан мәдени ортақтастыққа қадам басу туралы бастама көтерілді. Президент Н.Ә. Назарбаев өз сөзінде «қазақ мәдениеті объективті тұрғыдан күллі Қазақстан халқының мәдени ортақтастығын бойына сіңіріп әкетпейтін, қайта төңірегіне топтастыратын ұйытқы болуға тиіс» деп көрсетті. Аталған сессия жұмысы этносаралық қарым-қатынастың қазақстандық үлгісін жетілдіруге елеулі үлес қосты. Ассамблея алдына оның мәртебесін көтеру, орта мерзімдік жоспар әзірлеу жөнінде міндеттер қойылды.

Тәуелсіздіктің он жылдығы қарсаңында өткен Ассамблеяның сегізінші сессиясында қазақстандық қоғамды терроризм мен экстремизмге қарсы топтастыру, экономика және әлеуметтік мазмұндағы этностық саясат ауқымын кеңейту, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуді күшейту, жалпы қазақстандық мәдениеттің одан әрі дамуына ықпал ету, мемлекеттің ұлт саясатын іске асыруда Ассамблея жұмысының тиімділігін арттыру мақсаттары айқындалды.

2002 жылғы 15 қарашада өткен Ассамблеяның тоғызыншы сессиясында Қазақстанның ерекшелігін ескере отырып, ұлттық қауіпсіздік және ұлттық саясатты жүргізу мәселелері көтерілді. Өз сөзінде Президент Н.Ә. Назарбаев «Елімізде орнаған этносаралық келісім үлгісі әлем мемлекеттеріне көпұлтты қоғамдағы азаматтық бейбітшілік тәжірибесі ретінде ұсынылды» деп атап өтті.

Ал, Ассамблеяның оныншы сессиясы еліміздің экономикалық жүйелі даму жолына түскен 2003 жылғы 20 тамызда шақырылды. Сессия барысында мемлекеттік ұлттық саясат тетіктеріне оң баға берілді. Сессияда Президент Н.Ә. Назарбаев «Біздегі ұлттық келісім - бүкіл осынау жылдар бойында азаматтық қоғам институттарының қолдауы жағдайындағы мемлекеттің тынымсыз жүргізілген жұмысының нәтижесі» деп көрсетті. Сондай-ақ Елбасы діни мерекелер Құрбан-айт пен Рождествоны мерекелік демалыс күндері деп белгілеуді ұсынды.

2005 жылғы 22 қарашада өткен Ассамблеяның кезекті он екінші сессиясында Президент Н.Ә. Назарбаев бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру мәселесін алға қойып, сауатты ұлттық саясаттың, қазақстандық патриотизм мен тіл саясатының маңызды екендігін атады. Мемлекеттік тілді дамыту бірінші кезектегі басымдық ретінде айқындалды.

Ассамблеяның он үшінші сессиясында: «Біз қоғамды басты ұлттық басымдықтар төңірегінде топтастыруға тиіспіз: олар - тыныштық, тұрақтылық және келісім» тақырыбы күн тәртібіне көтерілді. Сессия барысында Парламент Мәжілісіне Ассамблея атынан 9 депутат сайлау туралы шешім қабылданды. Ассамблея консультативті-кеңесші орган деңгейінен конституциялық орган мәртебесіне ие болды. Демократиялық үрдістерді одан әрі ырықтандыруға бағытталған конституциялық реформалар нәтижесінде Ассамблеяның саяси мәртебесі жаңа деңгейге көтерілді. Алдымен Ассамблея атауындағы бұрынғы «халықтары» сөзі «халқы» сөзімен алмастырылды. Бұл өзгеріс елдегі ұлттық бірлік сипатын конституциялық деңгейде сәйкестендіру бағытындағы бетбұрыс кезең еді.

2008 жылғы 23 қазанда өткен он төртінші сессия Ассамблеяның жаңа кезеңге қадам басқанын айқындап берді. Бұл тұрғысында Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев «Бүгінде біздің алдымызда келесі стратегиялық мақсат тұр, Ассамблея қызметінің жаңа сапалық кезеңі басталды. Қазақстан халқы Ассамблеясы кез-келген дағдарысты, кез-келген қатерлер мен қауіптерді жеңе алатын біртұтас және ұйымдасқан Қазақстан халқын қалыптастыру процесін жалғастыруы тиіс» деп көрсетті.

2009 жылғы 26 қазанда өткен Ассамблея сессиясында Қазақстанның Ел бірлігі доктринасы талқыланды. Елбасы Н.Ә. Назарбаев Ел бірлігі доктринасының басты бағыттарын және маңызын айқындады. Елбасы «Доктрина әрбір қазақстандық саясаткердің «үстел кітабы», әрбір депутат, басқарушы, ғалым және журналистің іс әрекетінде жетекші құрал болы тиіс» деп көрсетті.

Осы жылдар ішінде Ассамблея қабырғасында елдің даму жолын айқындайтын Ассамблея стратегиясы, Қазақстан Республикасының тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы, «Қоғамның идеялық ұйысуы - Қазақстанның дамуының басты шарты» тұжырымдамасы, Қазақстанның Ел бірлігі доктринасы сынды іргелі құжаттар қабылданды.

Ортақ тарих - Қазақстан азаматтарын ұйыстырушы басты күш

Біздің елдегі бірлік пен қоғамдық келісімнің бастауы - Қазақстан халқының ортақ тарихы. Ғасырлар бойы тағдыр талайына ұшыраған халықтарды құшағына сыйдыра білген қасиетті Ұлы Дала көптеген ұлыс пен ұлттың құтты қонысына айнала білді.

Төңкеріс пен алапат аштықты, жаппай қуғын-сүргін мен Ұлы Отан соғысы жылдарында қатары селдіреген қазақ халқының саны күрт кеміді, ұлттық құндылықтар мен ұлттық сананың дамуына тежеу салынды. Жекелеген ұлт мәселелері назардан тыс қалып отырды. Әділетсіз саясатты бастан кешкен Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ толғағы жеткен мәселелермен бетпе-бет қалды. Сыртқы күштердің ықпалына түскен кейбір топтар сепаратистік, шовинистік, қоғам дамуын тығырыққа тірейтін пиғыл байқатты. Аталған күрделі жағдайға қарамастан Елбасы Н.Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап «Бірінші экономиканы реттеп, одан кейін саясатпен айналысу қажет» деген қағиданы берік ұстанып, елдің экономикалық ахуалын көтеруге бел шеше кірісті. Ел билігі бейбітшілік пен келісім саясатын басты ұстаным ретінде жариялады. Қазақстан халықаралық қауымдастықтың сеніміне ие болды.

Қазақстан Елбасының сауатты саясатының арқасында халықаралық нормаларға сәйкес Қазақстан шекарасын айқындау, оны көршілер тарапынан мойындату және нығайту бағытында орасан зор міндеттерді жүзеге асырды. Солтүстік көршіміз - Ресей Федерациясымен шекара сызығы айқындалып, қос ел арасындағы әлемдегі ең ұзын шекара шектері заңды құжаттармен бекітілді. Ата тарихымыздан бері нақты ресми шегі белгіленбей келген Қазақстан - Қытай шекарасы айқындалып, беделді сарапшылар тарапынан Қазақстан үшін өте нәтижелі келісім деп бағаланды.

Елбасы Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында Семей ядролық полигонын жабу, қуаты жөнінен әлемдегі төртінші зымырандық-ядролық арсеналдан бас тарту және оның инфрақұрылымын толықтай жою жөнінде тек еліміз ғана емес, әлемдік қауіпсіздік бағытында маңызы ерен тарихи шешім қабылдады. Қазақстан барша әлемге өзінің бейбіт ниетін паш етті, халықаралық қауымдастықтың сеніміне ие болды. Үстіміздегі жылы Қазақстанның бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы әрекеттің халықаралық күні ретінде жариялау туралы қарар қабылдады. Жаппай қырып жою қаруына қатысты Қазақстан негізге алған ұстаным бүкіл әлемге үлгі болып отыр. Шетелдік әріптестер Қазақстанды аймақтық қауіпсіздіктің көшбасшысы ретінде мойындап, ел экономикасына батыл инвестиция сала бастады, шетелдік тұрақты өкілдіктер ашылды.

Қазақстан этносаралық татулық пен ауызбіршілік бағытында әлем елдерін таң қалдырған жетістікке қалай жетті? Әлемнің дамыған елдері тарапынан ұлтаралық түсіністік саясаты бойынша Қазақстан тәжірибесін енгізуге мүдделілік қалай пайда болды?

Қазақстан ең алдымен елімізді мекендейтін барлық тұрғынды этностық, нәсілдік ерекшеліктеріне қарамастан, біртұтас, унитарлы мемлекеттің азаматы ретінде қарастырып, тең мүмкіндіктер бере білді. Этностық топтардың өз тілі мен дәстүрін, әдет-ғұрыптарын дамытуға толықтай мүмкіндіктер жасалды. «Қоғамдық бірлестіктер туралы» Заң арқылы этностық-мәдени орталықтар құру жүйелі жолмен іске асырылды. Қазір Қазақстанда қазақ, орыс тетарларымен қатар кәріс, неміс, ұйғыр, өзбек театрлары жұмыс істеп, этностық топтардың газет-журналдары жарық көруде.

Аталған істердің ұйытқысы, этносаралық түсіністіктің өзегі - Қазақстан халқы Ассамблеясы. Ел Конституциясын сақтау, әрбір қазақстандық азаматқа тең мүмкіндіктер беру, олардың құқықтарын құрметтеуге негізделген Ассамблея идеясы адамзат тарихында адами -рухани өлшем тұрғысынан асқақ идея. Оның жұмысы қазақ халқының бауырмалдығы мен кеңпейілділік қасиетіне негізделе отырып, елімізде тұратын барлық ұлыс өкілінің ықыласын ел дамуына, өркендеуіне бағыттауға, үйлестіруге бағытталған.

Доктрина - Ел бірлігін қамтамасыз ету құралы

Ел бірлігін қамтамасыз ету - кез-келген демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құрудың айнымас негізгі шарты. Мемлекеттің экономикалық өсіп-өркендеуі, әлеуметтік ілгерілеуі, демократиялық дамуы қоғам бірлігі ұйысқан жағдайда ғана жүзеге асуы мүмкін. Ал қалған міндеттерді шешу жолында әлем мойындаған Қазақстанға қажетті экономикалық, саяси және әлеуметтік ресурстар жеткілікті.

Доктрина халықаралық тәжірибені терең талдай отырып, қазақстандық шынайылық негізінде дүниеге келді. Ол қазақ мемлекеттілігі мен дәстүрінің ғасырлар бойы жинақталған тәжірибесіне негізделеді. Мәдениеттер мен өркениеттер тоғысында орналасқан халықтың даналығы мен өзара құрмет қасиетін негізге ала отырып, барша азаматтың этностық тегіне, әлеуметтік, діни ерекшелігі мен шығу тегіне қарамастан ортақ идея төңірегіне ұйысуы «Ел бірлігі» ұғымының берік орнығуына негіз болды.

Доктринада қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қолданыс аясын кеңейту мәселесіне ерекше назар аударылды: «Мемлекеттік тілді меңгеру әркімнің парызы мен міндеті, жеке бәсекеге қабілеттілігі мен қоғамдық өмірге атсалысудағы белсенділігін айқындайтын ұмтылысы мен ынталануына айналуы қажет. Бұл шешуші басымдық - рухани және ұлттық бірліктің негізгі факторы» ретінде нақтыланды.

Доктрина мемлекетіміздің қалыптасу кезіндегі проблемалар мен оны еңсеруге бағытталған шешімдердің, сондай-ақ Ел бірлігін қалыптастыру жұмыстарының заңды жалғасына айналды.

Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі әлемдік тұрақтылықты қамтамасыз етуге елеулі үлес қосады

Үстіміздегі жыл Қазақстан үшін сыртқы саяси жетістіктерге толы болып отыр. Қазақ елі Ванкуверден Владивостокқа дейінгі аралықты қамтитын, әлемнің 56 елі мүше беделді халықаралық ұйым - Европадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының төрағалық туын қолына алды.

Президент Н.Назарбаевтың Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуінің төрт ұстанымын жариялады - Сенім, Дәстүр, Транспоренттік, Толеранттылық. Аталған ұстанымдардың мақсаты - ұйымның демократиялық дәстүрлі құндылықтарын қазақ менталитетіндегі сыйластық, құрмет сияқты маңызды қасиеттермен ұштастыра отырып, әлемдік тұрақтылықты қамтамасыз ету, мәдениетаралық сұхбаттың сара жолын салуды мақсат етеді.

Қазақстан этносаралық және конфессияаралық келісім тәжірибесінің өзіндік үлгісіне ие бола отырып, толеранттылық және мәдениетаралық диалог бағытындағы ел тәжірибесін ЕҚЫҰ кеңістігіне ұсынып отыр. Аталған бағыттағы Қазақстан халқы Ассамблеясының мақсаты - этносаралық қатынастарды үйлестіру тәжірибесін ЕҚЫҰ-ға мүше-елдерге тарату.

ЕҚЫҰ-ға мүше-елдер этносаралық келісімнің қазақстандық үлгісіне үлкен қызығушылық танытып, тәжірибе алмасуға құлшыныс білдіріп келеді. Осы бағытта, Ассамблея және ЕҚЫҰ жанындағы Аз ұлттар жөніндегі Бас Комиссар Кнут Воллебек арасында тығыз қарым-қатынас орнап, әріптестік дамуда. Өткен жылы Ассамблея делегациясы Нидерланды корольдігіндегі Гаага қаласына сапар шегіп, тәжірибе алмасты. Аталған кездесулер Астана мен Алматы қалаларында жалғасын тауып, қазақстандық татулық үлгісі қызу талқыланды және жоғары бағаланды. Үстіміздегі жылы маусымның 10-11 аралығында Ассамблея өкілдері ЕҚЫҰ төрағалық аясында өткізілген Копенгаген конференциясына қатысып еліміздегі этностар құқықтары мен этностық-мәдени ерекшеліктерді сақтау үлгісін баяндап берді. 29-30 маусымда Астана қаласында өткен ЕҚЫҰ-ның толеранттылық пен кемсітпеушілікке арналған жоғары деңгейдегі конференциясында Ассамблеяның мәдениеттер мен өркениеттердің халықаралық тәжірибесіне қосып отырған үлесі таныстырылды.

Жақында ресми іссапармен Қазақстанға келген БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Елбасымен кездесу барысында 2010 жылды Мәдениеттердің жақындасу жылы және 29 тамызды Бүкіләлемдік ядролық сынақтардан бас тарту күні ретінде жариялау туралы Президент Н. Назарбаевтың ұсыныстарына үлкен баға берді. Мәртебелі мейман Ассамблея мүшелерімен кездесіп, оның жұмысымен танысты, ол өз сөзінде Ассамблеяның құрылымы мен мақсаты БҰҰ принциптерімен ұқсас деп баға берді. 21 сәуір күні БҰҰ өзінің Нью-Йорктағы бас штаб-пәтерінде Қазақстан Республикасы делегациясының қатысуымен Мәдениеттердің жақындасу жылына арналған ауқымды шара өткізді.

Осымен қатар, Қазақстанның этносаралық төзімділік пен қоғамдық келісім үлгісі көптеген шет елдер мен шетелдік ғылыми зерттеу ұйымдарының қызығушылығын тудыруда. Өткен жылдың өзінде Қазақстанның этникалық тәжірибесінің үлгісімен танысуға елімізге тоғыз шет мемлекетінің өкілдері келді. Олардың қатарында БҰҰ Жоғарғы Комиссары Басқармасының этникалық мәселелері бойынша тәуелсіз сарапшысы Гэй МакДугалл, Францияның Ұлттық Ассамблеясындағы ұлттық жандармерияның өкілі С.Привот, Ұлыбритания Сыртқы істер министрлігінің саяси сарапшысы А.Парфит, Қытай халық Республикасының арнайы деллегациясы ат басын бұрды.

Қазіргі таңда, ЕҚЫҰ төрағасы ретінде Қазақстан алдында ауқымды міндеттер тұр. Еліміздің ұйым төрағасы ретіндегі басты мақсаты - бүкіл әлемде бейбітшілік пен саяси тұрақтылық орнатуға белсенді атсалысу, мемлекеттер арасындағы диалогты жетілдіру. Бұл бүгінгідей әлемдік дамудың маңызды сұрақтары бойынша көптеген елдер бір мәмілеге келе алмай отырған кезеңде ерекше маңызды.

Осы орайда, Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев ЕҚЫҰ-ға Қазақстанның төрағалық етуі аясында қатысушы елдердің Мемлекет басшыларынан тұратын ұйымның Жоғары деңгейдегі басқосуын өткізу туралы ұсыныс көтерді. Ұйым тарихында мұндай кездесу бұдан алдын төрт рет өткізілген, соңғысы 11 жыл бұрын Стамбулда өтті. Қатысушы елдердің Мемлекет басшылары еліміздің ұсынысын қызу қолдап Жоғары деңгейдегі басқосу үстіміздегі жылы желтоқсанның 1-2 күндері Астана қаласында өткізу шешілді. Бұл елімізде бұрын соңды болмаған Жоғары деңгейдегі басқосу болғалы отыр. Мемлекет басшыларының Саммитіне әлемнің жетпіс елінің Президенттері мен Үкімет басшылары жиналып әлемдік қауіпсіздіктің қазіргі заманғы маңызды сұрақтары талқыланады деп жоспарлануда.

«Бақ та тақ та таласқанға бұйырмайды, халықтық істе жарасқанға бұйырады», деген дана бабаларымыз. Сондықтан да атқаратын игілікті істеріміз халқымыздың болашағын бірлігімізбен берік етсін.