Бүгінде елімізде 4,3 миллион отбасы бар

АСТАНА. Қазанның 4-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгінде елімізде 4,3 миллион отбасы бар. Бұл туралы бүгін Астанадағы «Қазақстан қоғамының дамуы мен орнауындағы отбасы тәрбиесінің рөлі» атты дөңгелек үстелде Білім және ғылым вице-министрі Серік Ырсалиев айтты.

«10 жыл бұрын Қазақстанда 3,5 миллион отбасы болды және отбасы құрамы орташа алғанда 4 адамнан құралған еді. Ал бүгінде 4,3 миллион отбасы бар. Алайда, оның құрамындағы адам санының орташа көрсеткіші 3,5-ке дейін төмендеді»,-деді вице-министр.

Қазақстанда отбасыны қолдаудың жүйесі құрылғанына тоқталған ол, заңнамалық деңгейде аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсетіліп, тиісті жәрдемақылар төленіп жатқанын айтып өтті. «Елімізде 5 миллионға жуық бала бар, 2,5 миллионы білім беру үдерісімен қамтылған. Өкінішке қарай, бүгінде денсаулығына байланысты мүмкіндігі шектеулі 148 мың жеткіншек анықталып отыр»,-деді С. Ырсалиев.

Жетім балалар мәселесіне тоқталған вице-министр, «42 мың жетім балалар бар және олардың көбі әлеуметтік жетімдер, яғни бұл жасөспірімдердің ата-аналары тірі. Сондай-ақ 15 мың жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жеткіншектер толығымен мемелекеттің қамқорлығына алынды»,-деді.

Оның сөзіне қарағанда, Кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау, бейімдеу және сауықтыру орталықтары жыл сайын отбасында тұрмайтын 8-9 мың бала бар екенін анықтайтын көрінеді.