Ол бұл пікірді бүгін ҚазАқпарат агенттігінің баспасөз орталығында Президенттік сайлауда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын қолдауға орай өткізілген мәслихатта білдірді.
«Қазіргі таңда елімізде атқарылып жатқан барлық істер өңірлердің дамуына және жергілікті өзін-өзі басқаруды қолдауға бағытталған. Оған сәйкес тиісті заң қабылданды. Дағдарыс кезінде өңірлерге ауқымды қаражат бөлінді», - деді М.Әбенов.
Оның атап өтуінше, бүгінде барлық экономикалық реформалар орталықтан өңірлерге ауыстырылуда. Инновациялық сала нысандарының басым бөлігі өңірлерде орналасқан. Бұл халықтың инвестициялық, экономикалық және азаматтық белсенділігінің артуына мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар Мемлекет басшысының ағымдағы жылғы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Қазақстан халқына Жолдауында да әлеуметтік жаңарту жайында кеңінен айтылды. Яғни қолға алынатын жобалардың басым бөлігі өңірлерді дамытуға бағытталатын болады.
«Бұның барлығы елімізде бірте-бірте өңірлік және жергілікті өзін-өзі басқару дамып келе жатқандығын көрсетеді. Біз қордың және өңірлік өкілдіктердің атынан алдағы сайлауда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын қолдаймыз», - деді ол.