Бүгінде еліміздің фармацевтика өнімдерінің 20 пайызы экспортқа шығарылып отыр - Ә. Исекешев

АСТАНА. Сәуірдің 28-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - 2014 жылға қарай фармацевтиканың барлығы GMP стандарттарына көшуі тиіс.

Бұл туралы бүгін Астанада өткен он-лайн конференция барысында ҚР Үкімет басшысының орынбасары-индустрия және жаңа технолгиялар министрі Әсет Исекешев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елбасы фармацевтика бойынша 2014 жылға әрбір екінші дәрі-дәрмек отандық болуы мақсатын қойды. Біз бұл тапсырманы орындаймыз»,-деп атап өтті министр.

Оның айтуынша, саладағы негізгі мәселенің біріншісі мемлекеттік тапсырысқа байланысты, екіншісі стандарт және сапаға қатысты.

«2014 жылға қарай фармацевтиканың барлық кәсіпорындары GMP стандарттарына көшуі тиіс. Бұл халықаралық стандарттар өнімді шетелге шығаруға мүмкіндік береді»,-деді министр. Оның сөзіне қарағанда, осы стандарттарға көшпеген кәсіпорындардың болашағы бұлыңғыр болмақ.

«Фармацевтикада жақсы әлеуетті байқап отырмыз. Атап айтқанда қазіргі кезде елімізде фармацевтика өнімдерінің 20 пайызы алыс және жақын шетелге экспортқа шығарылып отыр»,-деді Ә. Исекешев.