Бүгінде Қазақстан Республикасында УЭО мәртебесінде 69 заңды тұлға әрекет етеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде Қазақстан Республикасында уәкілетті экономикалық оператор (УЭО) мәртебесінде 69 заңды тұлға әрекет етеді. Бұл туралы бүгін Астанада өткен «Жасыл дәліз» жобасын дамытудың болашағы мен «Бекет» жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысы» атты конференцияда ҚР Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің төрағасы Ғосман Әмірин айтты.

Оның мәліметінше, 2013 жылдың қарашасында ҚХР-мен шекаралас өңірлерге «Бекет» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды. Осы іс-шараның нәтижесінде бірінші рет ҚХР-дан УЭО әкелген тауарлар бойынша бір көлік құралынан орташа төлем 7,5 млн. теңгеге дейін жеткен.

«Осыған ұқсас УЭО мәртебесі жоқ сыртқы экономикалық қызмет бойынша орташа төлем сомасы 2,3 млн. теңгеден 3,3 млн. теңгеге дейін көтерілді. Сондай-ақ, бүгінде ҚХР-дан әкелінген тауарлардың көлемінен 50 пайыздан көбі УЭО-ға тиесілі», - деп атап өтті Ғ. Әмірин.

Оның айтуынша, УЭО-ның тәжірибесін кеңейту және «Жасыл дәліз» жобасын пайдалану арқасында екі маңызды көрсеткішке қол жеткізілген. «Біріншіден, кедендік әкімшілендіруді жақсарту, екіншісі, бір көлік құралынан бюджетке түсетін түсімнің артуы», - дейді комитет төрағасы.

Ғ. Әмірин атап өткендей, УЭО-ның кәсіби нарықты ұйымдастыруға және халықаралық нормаларға сәйкес мәртебе мен қызметін жетілдіру мақсатында «Жасыл дәліз» жобасының екі жылдық тәжірибесі негізінде өз ісіне адал уәкілетті экономикалық операторларды іріктеу жүргізілуде. Сондай-ақ, осы жолда Тәуелсіз УЭО қауымдастығын құру да жоспарлануда.