Бүгінде Қазақстанда елдің жоғары кәсіби элитасын даярлау үшін барлық жағдайлар жасалды - Н.Назарбаев
«Бұрын осындай мектептер жоқ болатын. Бүгінде Қазақстанда елдің жоғары кәсіби элитасын даярлау үшін барлық жағдайлар жасалды», - деді Н.Назарбаев.
Мемлекет басшысы өскелең ұрпақ өкілдеріне жақсы білім алып, еңбекпен жетістіктерге жету тілегін білдірді.
Зияткерлік мектеп үш қабаттан, 14 блоктан тұрады және 720 оқушыға арналған. «Мектеп жақсы жабдықталған. Мұнда 62 оқу кабинеті, үш кеңейтілген физика, химия және биология зертханалары бар. Оқу кабинеттері мен зертханаларға Қазақстан, Ресей, Ұлыбритания, Германия және АҚШ-тан әкелінген жабдықтар орнатылады», - деп атап өтті Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Равиль Якупов.
Басқа қалалардан келген оқушылар үшін 120 орынға арналған жатақхана қарастырылған. Мектепте сондай-ақ 360 орынға арналған асхана бар. Бұдан басқа, екі спорттық зал, тренажер залы, футбол алаңы, спорттық алаңдар, мәжіліс залы, кітапхана, ақпараттық орталық бар.
Оның айтуынша, қазіргі кезде кейбір әрлеу жұмыстары қалды. «Оқу процесі дайындыққа байланысты басталады», - деп хабарлады директор.
Назарбаев Зияткерлік мектебі өз қызметін биылғы оқу жылында бастайды деп күтілуде.
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ААҚ баспасөз қызметінің ақпаратынша, бүгінде Қазақстандағы алты қалада жеті зияткерлік мектептер бар: екеуі Астанада, Талдықорған, Семей, Өскемен және Оралда. Тағы осындай 14 мектептің құрылысы жүріп жатыр.
Осымен Мемлекет басшысының Қарағанды облысына сапары аяқталды.