Бұл туралы бүгін Астанада басталған «Мұғалімнің кәсіби дамуы: дәстүрлері мен өзгерістері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов мәлім етті.
Министр атап көрсеткендей, бүгінде Қазақстанда білім беруге ІЖӨ-нің 4,2 пайызы жұмсалып отыр. ЮНЕСКО ұсынып отырған меже - 5-6 пайыз. БҰҰ Даму бағдарламасының 2010 жылғы баяндамасына сәйкес, Қазақстан адами әлеуетті дамыту деңгейі жоғары елдердің қатарына енді.
«Мұнда мұғалімдер корпусының еңбегі жоғары. Қазақстанда 2,5 млн.-нан астам оқушы білім алады. Мұғалімдерге, әсіресе, Қазақстан үдемелі индустриялды-инновациялық даму жолына түсіп отырған кезеңде үлкен жауапкершілік артылуда. Бұл білім берудің барлық деңгейінде білімнің мүлдем бөлек сапасын талап етеді және ұстаз бұл процесте аса маңызды тұлға болып табылады», - деді Б.Жұмағұлов.
Ведомство басшысы атап көрсеткендей, мектептердегі білім берудің объективті көрінісін алу үшін, Қазақстан PISA және TIMSS халықаралық зерттеулеріне қатысты. TIMSS-тың нәтижесі бойынша, 4-інші сыныпта оқитын қазақстандық оқушылар 5-інші орынға, ал жаратылыстану бойынша 11-інші орынға шықты.
«Ал PISA-ның зерттеулерінде біз жалпы рейтингте 65 елдің арасында төменгі 58-інші орынға орналастық. Себебі мектептерде, түлектерді алған білімдерін күнделікті өмірде қолдануға даярлау нашар жүргізіледі. Бұл біздің пелагогиканың келеңсіз тұстарының бірі, өзгесі де бар және оларға бұдан былай көз жұма қарай алмаймыз», - деп түйіндеді Б.Жұмағұлов.