Бүгінде қоғам діннің адамгершілік құндылықтарына мұқтаж - Ержан қажы Маямеров

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде қоғам діннің адамгершілік құндылықтарына мұқтаж. Бұл туралы бүгін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының 5-ші съезі аясындағы «Бейбітшілік, қауіпсіздік және үйлесімділік үшін әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшылары арасындағы өзара құрмет пен түсінік негізіндегі сұхбат» атты сессияда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Маямеров айтты.

«Бейбіт заманды басты байлығы санаған халқымыз қашанда татулықты тұғырына айналдырған. Тарихтан белгілі, халықтың болашағын ойлаған дін қайраткерлері де татулық пен бірлікті басты бағдар еткен. Халықтар бірлігі бәрінен қымбат қазына деп санаған. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) мұсылмандықтың іргетасын бірлікпен бекіткен. Алла елшісінің тайпалар мен руларды бір мақсатқа біріктіруі кез келген басшыға басқару ісінде үлкен бағдар болары хақ. Дін көшбасшыларының құрылтайы да осы мақсатты көздейді. Халқымызда: «Байлық байлық емес, бірлік байлық», деген қанатты сөз бар. Алла тағала барша адамға Құран Кәрімдегі Құжырат сүресінің аятында былай дейді: «Шын мәнінде мүмминдер - ағайындар. Сондықтан да ағайын арасын түзетіңдер», деп бұйырады. Оның елшісі с.ғ.с. «шынайы мұсылман қолымен де, тілімен де өзгеге зиянын тигізбейтін пенде», деп айтқан», - деді Ержан қажы Маямеров.

Бас мүфтидің атап өтуінше, әрбір парасатты пенде әлемдегі қаржылық дағдарыс пен адамдар арасындағы әділетсіздік, отбасылық күйреу, әлеуметтік келеңсіздіктер секілді мәселелерден құтылудың бір ғана жолын түсінді. Ол - рухани құндылықтарды бірінші орынға шығару.

«Бүгінде қоғам діннің адамгершілік құндылықтарына мұқташ. Ал осындай рухани күйзеліс сәттерінде дін, зиялы қауым өкілдерінің белсенді жұмыстарына үміт артылады. Қамыққанға қамқор болу, ол да дін өкілінің асыл парызы. Ортақ Отанымыз Қазақстан халқының бірлігі мен татулығы, діни келісімге негізделген жалпыға ортақ құндылықтары болашақ заман үшін үлгі-өнеге, өсиет болып қала бермек. Осынау мамыражай сәтте дәстүрлі дін өкілдерінің ортақ келісімі, ымыраға негізделген ынтымағы тарих беттерінде алтын әріптермен жазылары хақ», - деді ол.