Бүгінде мемлекеттік органдар тұтынушылар құқықтарын толығымен қорғай алмауда ? С.Савченко

АСТАНА. Маусымның 18-і. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгінгі таңда халықтың өмірі мен денсаулығын қорғау саласындағы мемлекеттік органдар жеткіліксіз.

Сондықтан бар мемлекеттік органдар тұтынушылар құқықтарын толығымен қорғай алмауда. Бұл туралы бүгін ҚР Парламент Мәжілісі жанындағы Қоғамдық палатаның отырысында «Қазақстан тұтынушыларын қорғау» ұлттық лигасы» қоғамдық қорының президенті Светлана Савченко мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, бүгінде мектеп оқушыларының сколлеоз, яғни омыртқа белінің қисаюы ауруына әкеліп соқтыратын сапасыз мектеп парталары, балалардың аллергиясын тудыратын экологиялық жағынан зиянды ойыншықтар, аяқ-киім және басқа да елге тасымалданып жатқан шетелдік тауарлар сын көтермейді. «Біз әлі күнге дейін осы мәселе бойынша дабыл қағып, бұл проблемаға жұртшылықтың және мемлекеттік органдардың назарын аударуға мәжбүрміз. Себебі халықтың өмірі мен денсаулығын қорғау саласындағы мемлекеттік органдар жеткіліксіз. Осыдан барып, қазіргі кезде бар мемлекеттік органдар тұтынушылар құқықтарын толығымен қорғай алмауда», - дейді С.Савченко.