Бүгінде республикада 9,8 млн. тонна астық бастырылды - ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі

АСТАНА. 17 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақстанда үстіміздегі жылдың 17 қыркүйегіндегі жағдай бойынша ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер 8,2 млн. гектар аумақта астықты жинады, бұл еліміздегі барлық егіс алқаптарының жартысынан астамын құрайды, деп хабарлады primeminister.kz сайты Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.

«Республиканың барлық өңірлерінде жаңа астықты жинау жүргізілуде. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармаларының мәліметі бойынша 2013 жылдың 17 қыркүйегіне ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілер 8262,7 мың гектардың астығын жинап алды, бұл облыстардың егіс алқаптарының 52,4 пайызынқұрайды», - делінген хабарламада.

Бұдан өзге, жедел мәлімет бойынша бүгінгі таңда 9,8 млн. тонна астық бастырылды. Оған қоса орташа өнімділік бір гектардан 11,9 центнерді құрады. 2012 жылы орташа өнімділік бір гектардан 8,4 центнер деңгейінде болғанын айта кеткен жөн.

Жалпы алғанда, облыстық басқармалардың мәліметінше, қазіргі уақытта Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы дақылдарының 100 пайызы жиналды, ал Батыс Қазақстан облысында бұл көрсеткіш - 88,6 пайыз, Оңтүстік Қазақстан облысында - 86 пайыз деңгейінде.