Бразилия Федеративтік Республикасының Астана қаласында орналасқан консулдық бөліміне рұқсатнама алу бойынша күні бүгінге дейін 247 өтінім келіп түскен. Бұл туралы бүгін Бразилияның Қазақстандағы елшілігінің консулдық бөлімінен хабарлады. Өтінім бергендердің бірі - Түркіменстан азаматы, ал 19-ы - Қырғызстан азаматы. Қалғандары - қазақстандықтар. «Бұл соңғы сан емес», - дейді консулдық бөлімдегілер. - «Бразилияға барғысы келетіндер саны күн санап артып келеді». Туристер футболдан әлем біріншілігіне бару үшін рұқсатнама алу бойынша өтінімдерін үстіміздегі жылдың сәуір айында бастаған. Елшілік сол сәуір айынан күні бүгінге дейін барлығы 204 рұқсатнама беріп үлгерген. Олардың 72-сі - матчтардың билеттерінің сертификаттары бойынша алынған. Яғни мұндай жағдайда Консулдық алым төленбейді. Қазір Бразилияға барғысы келетін туристердің көптігіне байланысты рұқсатнама алу уақыты қысқартылды. Яғни оны 2-3 жұмыс күні ішінде алуға болады. Ал шұғыл жағдайда рұқсатнама бір күннің ішінде беріледі. Ол үшін тиісті құжаттардың барлығы болуы шарт. Сонымен, туристік рұқсатнама алғысы келетіндер мына төмендегідей құжаттарды тапсырулары тиіс: - Төлқұжаттың түпнұсқасы (төлқұжат мерзімінің аяқталуға дейінгі уақыты 6 айдан кем болмауы тиіс). Сонымен қатар төлқұжаттың кем дегенде екі таза парағы болуы шарт. - Ақ түсті көріністің аясында түсірілген фотосурет. Көлемі 3,5 х 4,5 см, болуы керек. - Ағылшын тілінде жазылған және қол қойылған рұқсатнамалық сауалнаманың жіберілгенін растау. - Бару және келу билетінің броны (Әуе желісінде қызмет істейтіндер үшін, қосымша қызметтік куәліктің фотокөшірмесі). Елшілік рұқсатнаманы беруді мақұлдаған соң, сатып алынған билетті көрсетуді талап етуге құқылы (түпнұсқасын немесе электронды билетті). - Португал немесе ағылшын тілінде қонақ үй бронынының немесе шақырту хатының көшіремесі (компания болса, фирмалық бланкпен жазылған). Онда шақыртушының мекен-жайы, байланыс телефоны. Шақырудағы мақсаты және шақырған қонағы үшін жауап беретіндігі нақты көрсетілуі тиіс. - Төлем қабілеттілігі туралы анықтама (банктің немесе жұмыс орнының анықтамасы. Жанында ағылшын немесе португал тіліне аударылған көшірмесі болуы керек). - Консулдық алымды төлегені туралы түбіртек (4000 теңге). Қандай жағдай болмасын, консулдық алым кері қайтарылмайды. Егер футболдан әлем біріншілігінің матчтарының билеттері немесе билеттердің сертификаттары ұсынылған жағдайда консулдық алым төленбейді. - 18 жасқа дейінгі азаматтар үшін нотариус бекіткен көшірмесімен қоса туу туралы куәліктің көшірмесі. - Бразилияға ата-анасынсыз немесе қамқоршысынсыз бара жатқан 18 жасқа дейінгі тұлғалар өздерімен бірге бармайтын ата-анасы немесе қамқоршысының келісімі туралы нотариус арқылы бекітілген құжат. - Спорттық байқаулар немесе мәдени шараларға қатысушылар үшін демеушілер/ұйымдастырушылар тарапынан аталмыш шара және сапар жөніндегі хаттың көшірмесі. Бразилия елшілігінің Консулдық бөлімі қажет болған жағдайда қосымша құжаттар талап етуге құқылы. Үш айлықтан алты жасқа дейінгі балалар үшін полиомиелитке қарсы егу жасалғандығы туралы жергілікті емхананың құжаты немесе терапевтің хатымен расталған анықтама міндетті түрде қажет. Егер Бразилияға барушылар Акри, Амапа, Амазонас, Гойас, Мараньяу, Мату Гроссу, Мату Гроссу ду Сул, Пара, Рондония, Рорайма штаттарын, сондай-ақ Федералды округты аралайтын болса сары безгекке қарсы егу жасаулары тиіс. Бразилияға баруға арналған рұқсатнама берілген күнінен бастап 90 күнге дейін заңдық күшке ие. Бразилия шекарасын алғашқы рет басып өту жағдайы міндетті түрде тіркелуі керек. 90 күннен артық мерзімге қалғысы келетіндер рұқсатнама аяқталғанға дейін 30 күн ішінде Бразилияның Федеративтік полициясына жүгінулері қажет болды. Егер құжаттар үшінші тұлға арқылы берілетін болса, онда нотариус бекіткен сенімхат керек. Айта кетейік, құжаттарды пошта арқылы жіберу және алу шығындарын құжат ұсынушылар өздері төлейді.
17:32, 09 Маусым 2014
Бүгінге дейін 204 қазақстандыққа Бразилияға баруға рұқсатнама берілді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 12 маусым күні Бразилияда футболдан әлем біріншілігі басталады. Отандық футбол жанкүйерлері енді бір ай бойы футбол ойындарын тамашалайды. Солардың ішінде футбол ойындарын теледидардан емес, стадионнан өз көздерімен көруге ынтық жанкүйерлер бар.