Бүгінге дейін 597 адамға рақымшылық туралы заң қолданылып, 125 адам бостандыққа шықты - Жоғарғы Сот

АСТАНА. 13 ақпан. ҚазАқпарат  - Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай қабылданған рақымшылық туралы заң күшіне енгеннен бері, яғни 20 қаңтардан бері ол 597 адамға қатысты қолданылды.

Бұл туралы бүгін ҚР Жоғарғы Сотында «ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына  байланысты рақымшылық жасау туралы» заңын қолдану жөнінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының төрағасы Ақылтай Қасымов мәлім етті.

«Заң күшіне енгеннен бергі мерзім аралығында еліміздің соттары түзеу мекемелерін және қылмыстық атқару жүйесі комитеттерінің  аймақтық бөлімшелерінен келіп түскен материалдарды қарастырып жатыр. Нәтижесінде жазасын өтеуге тиісті 125 адам бостандыққа шықты. Бұдан өзге,  соттар мен бірінші сатылы соттарда, аппеляциялық инстанцияда сот өндірісінде жатқан 479 адамға қатысты қылмыстық істер тоқтатылды», - деді Ақылтай Қасымов.

Бұл ретте Жоғарғы сот рақымшылық жасау шарасы аяқталғанға дейін қосымша ақпараттар беріп тұруды көздеп отыр.