Бүгінге дейін кезектен тыс Президенттік сайлауды бақылайтын 59 байқаушы тіркелді - ОСК

АСТАНА. 3 ақпан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысында 3 сәуірге тағайындалған кезектен тыс Президенттік сайлауды бақылауды жүзеге асыратын 2 халықаралық байқаушыны тіркеу туралы қаулы қабылданды.

Отырыста аталмыш қаулының жобасы бойынша баяндама жасаған Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Татьяна Охлапкованың айтуынша, Сыртқы істер министрлігінің ұсынысы негізінде тіркелген соңғы 2 халықаралық байқаушылардың бірі Беларусь Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Лодовик Николай, ал екіншісі оның әріптесі Марина Рахманова. «Бұл ТМД ұйымынынан кезектен тыс Президент сайлауына тіркелген алғашқы байқаушылар. Жалпы бүгінгі күнге дейін кезектен тыс Президент сайлауын бақылау үшін елімізде барлығы 59 байқаушы тіркелді. Олардың арасында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросынан 44 байқаушы, ТМД миссиясынан 2 байқаушы, шет мемлекеттерден 11 байқаушы және халықаралық республикалық институтынан 2 байқаушы тіркелді»,-деді ОСК мүшесі.