***
Кеше Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда тіркелген шетелдік дипломатиялық миссиялар басшыларымен кездесті. Кездесуге шетелдік елшілермен қатар, Президент Әкімшілігінің, Сыртқы істер министрлігінің жауапты қызметкерлері, дипломаттар, саясаткерлер қатысты. Осы жайт арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінде «Бүгінгі Қазақстан бұдан 15 жыл бұрынғыдан мүлдем басқа ел» деген тақырыппен жарық көрді. Басылымның атап өтуінше, алқалы жиын барысында Н.Назарбаев Алматы қаласында Өңірлік көпжақты дипломатия орталығын құру жөніндегі жұмыстардың басталғаны туралы хабарлады. «Онда ұйымдардың, бағдарламалардың, қорлардың және Біріккен Ұлттар Ұйымының мамандандырылған мекемелерінің өңірлік және субөңірлік мәртебеге ие 16 өкілдігі жұмыс жасайды. Қазір Халықаралық дамуға жәрдемдесу жөніндегі агенттік (KAZAID) құру жұмыстары жүріп жатыр. Ол біздің көршілерімізге және өзге мемлекеттерге техникалық көмек көрсететін болады. Жалпы, біз Еуразияның жүрегі тұрақты өңірлік және жаһандық дамумен үндесіп, оның игілігі жолында бірқалыпты соғуы үшін өзімізге байланысты нәрсенің бәрін жасаймыз», деді Мемлекет басшысы.
Осы басылымның жазуынша, Премьер-Министр С.Ахметов пен Президент Әкімшілігінің Басшысы К.Мәсімов Маңғыстау облысында болып, облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясына қатысты және облыс активімен кездесті. Сапар мен кездесу мақсаты - Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен тағайындалған облыстың жаңа әкімі А.Айдарбаевты таныстыру. «Мен үшін Маңғыстаудың орны бөлек. Осында қарапайым мұнайшылықтан бастап, бүгінгі күнге жеттім. 362 әулиенің, Пір Бекет атаның мекеніне қызмет ету - үлкен парыз, абырой. Маған сенім артқан Елбасына алғыс айтып, бар тәжірибем мен күшімді сенімді ақтауға жұмсайтын боламын», - депті өңірдің жаңа басшысы.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, коммерциялық банктерден несие алуға барғандар өзіне қажет сомаға қол жеткізу барысында бір етек теңгені тек қана комиссиялық салыққа төлейтіні белгілі. Банк қызметкерлерінің айтуынша, бұл несие беру туралы құжаттарды дайындағандары үшін алынатын алым. Оларды несиенің пайыздық сыйақы мөлшерлемесімен қосқанда, алған қарызыңыздың өсімақысы көтеріліп шыға келеді. Міне осы мәселе егжей-тегжейлі көтерілген мақала «Несиеге немкетті қарауға болмайды» деген тақырыппен берілген. «Ұлттық банк осындай ақылға қонымсыз «сыпыра» қарпып қалу үшін жасап алған банктердің несие алушыларға салатын салықтарына заңды түрде тоқтау қоймақ. ҰБ төрағасының орынбасары Данияр Ақышев «Ақжол» партиясы ұйымдастырған дөңгелек үстелдің тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы бөлімінде екінші деңгейлі банктердің тұрғындарға несие берер кезде алатын кез келген комиссиялары мен төлемдеріне заңды түрде тыйым салу мүмкіндігін қарастыруды ұсынып отырғандарын мәлімдеді», - деп жазады басылым.
«Қолына ойыншық ұстап, ойнамайтын бала жоқ шығар, сірә. Балалық шақтың ең қызықты дәурені ойыншықтармен өтетіні әмбеге аян. Әдемі қуыршақ, зырылдаған машина - бүгінгі баланың басты ермегі. Әйткенмен, соңғы уақытта ойыншықтардың сапасы сын көтермейді. Тіпті елімізде өндірілетін ойыншықтардың 90 пайызы талапқа сай келмейді екен», - деп жазады «Айқын» газеті сенбілік санындағы «Ойыншық неге ой салмайды» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның алға тартқан деректеріне қарағанда, өткен жылдың аяғында Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті ойыншық шығарумен айналысатын 84 кәсіпорынды тексерді. Нәтижесінде 75 кәсіпорынның өнімі талапқа сай келмеген. Бұл өз кезегінде ойыншық өндірісінің 90 пайызы көңіл көншітпейтінін білдірсе керек. 33 миллион теңге көлемінде 1003 ойыншық топтамасы тәркіленіп, 4 миллион теңгелік айыппұл салынды
***
«Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Түркияның Сауда палатасы және тауарлар биржасы одағының президенті Рифат Хисарчиклыоғлыны қабылдады», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Кездесуде екі елдің сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығын тереңдету және дамыту мәселесі талқыланды. «Сіздер жоғары деңгейге көтерілген Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынасқа зор маңыз беріп отырғанымызды білесіздер. Менің Түркияға өткен жылғы сапарым кезінде бірқатар мәселелер жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Енді оларды орындау маңызды. Сондай-ақ оларды іске асырудың негізгі бағыттарын талқылау жөніндегі жұмысты жалғастыру қажет деп санаймын», - деді Қазақстан Президенті. Р.Хисарчиклыоғлы өз кезегінде Н.Назарбаевқа қабылдағаны үшін алғысын айтты және өзінің Қазақстанға бұл сапары екі елдің іскер топтарының ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға бағытталғанын атап өтті.