Бүгінгі қазақтың интернеті тек намыс жолымен жасалып қана қоймай, нақты бизнеске айналуы керек - А.Сарым

АЛМАТЫ. 20 шілде. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Бүгінгі күні Қазнет деген не деген сұраққа жауап іздеуіміз керек. Қазнет пен Казнеттің айырмашылығының бар екені анық. Менің түсінігімде Қазнет деген болашақта қазақ тілінде және латын әліпбиінде шығатын интернеттік қызмет түрі деуге болады.

Бұл жайында бүгін «Абай-информ» қоғамдық қорының вице-президенті Айдос Сарым Алматыда өтіп жатқан «Интернеттегі қазақ тілін дамыту жолдары» тақырыбындағы дөңгелек үстел барысында мәлім етті.

Оның айтуынша, біз әзірге өтпелі кезеңдеміз, посткеңестік, постресейлік. Қай тұрғыдан айтсақ та сол қалыптан шығып жаңа қалыпқа симай бара жатқан бір кеңістікпіз. "Орыстың интернетшілері айтады, қазіргі интернет Ресейдің бір бөлігі немесе соған еліктеушілік деп, мен сол пікірлермен толықтай қосыламын. Шын мәнінде өзімен-өзі өмір сүре алатын үлкен бір кеңістік немесе қауымдастық пайда болған жоқ бізде", -дейді А.Сарым.

"Соңғы кезде еліміздің ақпарат министрлігі қазақ тілді сайттарды дамытуға көп көңіл бөліп, қаражат бөліп жатқандығын мойындауымыз керек. Өткен жылдан бастап мемлекеттік тілдегі сайттарды ашуға тапсырыс беріп жатыр, ол қуантарлық жағдай. Менімше мемлекет үлкен инфрақұрылымдық, аударма сайттардың негізін жасайтын, ертең оған негізделіп басқа сайттар ашылатын жобаларды қаржыландырса жеке сайттарды жасау, жеке жобаларды бір талдап жасау шағын және орта бизнестің немесе басқа да жастардың тіршілігіне айналар еді. Яғни, бүгінгі қазақтың интернеті тек намыс жолымен жасалып қана қоймай, нақты бизнеске айналуы керек", -дейді А.Сарым.