Бүгінгі қиындықтарды еңсеру үшін бізге білімді де білікті депутаттар керек - Б. Нұрмұхамедов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінгі қиындықтарды еңсеру үшін бізге білімді де білікті депутаттар керек. Елбасы Н.Назарбаевтың ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындауға байланысты халыққа үндеуіне орай пікір білдірген Ұлттық зерттеулер институтының директоры Бөріхан Нұрмұхамедов осылай деді.

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің Жарғысымен бұрынғы Мәжіліс құрамын тарқатып, жаңа Мәжіліс депутаттарын сайлауын өткізуді бекітті. Менің ойымша, бұл жерде көптеген мәселеге көңіл аударуға болады. Біздің сайлау туралы Заңға сәйкес, мұқият шешім қабылданды. Елбасы ең алдымен бұл мәселені екі спикермен, одан кейін Конституциялық кеңестің төрағасымен талқылап, өзінің құзыры бойынша осындай шешім қабылдады. Бұл шешім өте маңызды, өте қажет деп ойлаймын. Себебі қазіргі жағдай Президентіміз айтқандай оңай емес. Әлеуметтік-экономикалық жағдайға, сыртқы саясатқа, аймақтағы қауіпсіздікке байланысты көптеген мәселе бар. Осының бәрін шешу үшін бізге білімді де білікті жаңа толқын, жаңа Мәжіліс депутаттары керек»,- деді Б.Нұрмұхамедов.